Петропавлда су тасқынынан зардап шеккен отбасыға табиғи апат құшқан 28 шаршы метрді құрайтын бөлменің орнына баспана берілді. Бүгіндері Геворкяндар Бірлік шағынауданында құтты қоныстарына қажетті жиһаз алуда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Татьяна Геворкян отбасымен Шымкенттен Петропавлға 1995 жылы қоныс аударды. Қолындағы қаражаты екі қабатты тұрғын үйдегі бір бөлмені сатып алуға жетіпті. Оның аумағы 28 метрді құрайтын.
– Солтүстікке көшкенде азын-аулақ жинаған ақшама бір бөлмеге ғана жетті. Ойқала шағынауданындағы баспанамда ұлым мен келінім қалды. Мен басқа қалаға қоныс аудардым. Үйдің құжаты бойынша мен иесі едім. Топан су келгенде қатты қорықтым. Балам үйсіз қалады деп ойладым, – дейді Татьяна Геворкян.
Табиғи апаттың салдарынан Татьянаның Ойқаладағы үйі жөндеуге келмеді. Оның орнына жергілікті атқарушы билік өкілдері жаңа баспана берді. Бүгіндері Геворкяндар әулеті – 80 шаршы метрді құрайтын баспананың иелері.
– Президенттің тапсырмасымен еліміздің түкпір-түкпірінен көмек көрсетіле бастады. Қарапайым халықты жалғыз қалдырмай, қолұшын созған билік өкілдері мен мейірімді жандарға алғысым шексіз, — дейді Татьяна.
Жақында қоныс тойын атап өткен Геворкян отбасы, зәулім үйге қажетті жиһаз алуға кірісті.