Облыс полицейлері Адам саудасына қарсы күрес күніне орай кең ауқымды ақпараттық акцияны қолға алды. Тәртіп сақшылары Петропавл қаласының орталығындағы сауда үйлерінің бірінде қала тұрғындары мен қонақтарына ақпараттық жадынамалар таратты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
– 2024 жылы БҰҰ «Адам саудасына қарсы күресте көмекке мұқтаж бірде-бір баланы ұмытпау» тақырыбын айқындады. Халықаралық бастаманы қолдау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп осы ақпараттық науқанды жүргізді, – деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Жадынамалар мен буклеттерде адам саудасына байланысты криминалға маманданған қылмыскерлердің әрекеттерінің мақсаттары, әдістері мен тәсілдері туралы тезистері және осы қылмыс түрінің құрбаны болмаудың жолдары келтірілген.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың мамандары өткізген Facebook әлеуметтік желісінің тікелей эфиріне қатысты. Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Жанар Байғазина пайдаланушыларға осы мәселе туралы, сондай-ақ адам саудасы фактілерінің алдын алу және жолын кесу жөніндегі полицейлердің жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Полиция қызметкерлері егер сіз адам саудасына немесе осы белгілері бар жағдайға тап болсаңыз, бұл туралы “102” нөміріне немесе “116 16” сенім телефонына дереу хабарласуға болатынын еске салады.