СҚО әкімі су тасқынынан зардап шеккен Қызылжар ауданындағы Большая малышка ауылында болып, елді мекен тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биыл көктемгі су тасқыны кезінде топан су Большая Малышка ауылындағы 321 үйді басты. Арнайы комиссияның шешімімен оның 66-сі тұруға жарамсыз деп танылды. Бүгіндері 19 баспана сүрілді. Сондай-ақ тұруға жарамдылары қалыпқа келтіріліп жатыр.
– Большая Малышка ауылында әлеуметтік инфрақұрылым қалпына келтірілуде. Зардап шеккен ауыл мектебіне де күрделі жөндеу жүргізілуде. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық жұмыстарды аяқтауды тапсырдым. Елді мекен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына енгізілген. Мұнда медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталды, –деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімі «Серябрянный бор» жазғы сауықтыру лагерінде де болды. Биыл бұл мекемені де су басты. Қазіргі уақытта ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
– Жөндеуден өткен лагерь балаларды қабылдауға дайын. Жаздың соңына дейін 200 оқушыны қамтитын екі маусым өткізу жоспарлануда, –дейді СҚО әкімі.