Қазақстан мен Конго ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары. Бұл туралы Ақордада Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессомен кеңейтілген құрамдағы келісөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
— Сіздің қазақ жеріне алғашқы сапарыңыз екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл — мерейлі меже. Ширек ғасыр ішінде біз өзара сенім мен достыққа негізделген ынтымақтастық орнаттық. Біз болашақта да осы серіктестікті нығайта түскіміз келеді. Бүгінгі келіссөздер Қазақстан мен Конго қатынастарын жаңа белеске көтеріп, тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік бермек, — деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан Конго Республикасын Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарастыратындығын атап өтті.
— Екі ел бір-бірінен қашықта орналасқан. Соған қарамастан өзара байланысты жан-жақты дамытуға мүдделіміз. Қазақстан мен Конго ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс пен инвестиция, жаңа технологиялар мен ғарышты игеру бағыттары бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға болады. Бүгін қол қойылатын құжаттар екі ел арасындағы ынтымаққа тың серпін береді. Біз бұған дәлел ретінде Конгодағы Елшімізді тағайындаймыз. Елші екі елдің арасында саяси араағайын болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.