СҚО-да жыл басынан бері желшешектің 725 фактісі тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге аз болып отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, желшешек ауруы ересектер үшін қауіпті.
– Биыл жұқпалы ауруға шалдығу жағдайлары төмендеді. Өткен жылы өңірде 2244 адам желшешекпен ауырған.
Аурудың ең алғашқы белгілері – дене температурасының 37,5℃ — ден 39℃ — ге дейін күрт жоғарылауы және бас ауруы. Желшешекке тән белгілер – бөртпе және қышу. Қызылша, қызамық, скарлатина бөртпелерінен айырмашылығы, желшешек бөртпесі тек теріде және шырышты қабаттарда ғана емес, сонымен қатар бас терісінде де пайда болады. Дене температурасы әдетте 3-5 күнде қалыпқа келеді, ал қыртыстар 7-14 күннен кейін жоғалады. Желшешектен айыққаннан кейін иммунитет қалыптасады, қайта жұқтыру өте сирек кездеседі, – деді Арман Көшбасов.