Футболдан ел біріншілігі аясында 16-шы турда «Қызылжар» клубы өз алаңында талдықорғандық «Жетісу» командасын қабылдады. Кездесу жергілікті аяқдопшылардың жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Алаң иелері биылғы біріншілікті сәтті бастаған еді. Дегенмен кейінгі турларда жиі қателікке бой алдырып, турнир кестесінде соңғы орынның біріне түсіп қалды. Сондай-ақ «Жетісудың» да жағдайы мәз емес. Аталған команда қарсыластарына жиі есе жіберіп қойып жүр.
Кездесуде петропавлдық команда сапынан Сенин Себаи 82, Рафаиль Оспанов 92-минутта мергендік танытса, оған «Жетісу» сапынан Антон Шрамченко 97-минутта пенальтиден бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Қызылжар» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде тоғызыншы орынға көтерілді.