Облыстың 11 ауданында 25 ауылдық округ пен екі қала әкімінің сайлауы өтті. Тұрғындар өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО сайлау комиссиясының мәліметінше, Айыртау ауданы Константиновка ауылдық округінің әкімі болып Сергей Орлов сайланды. Ол 692 дауыс жинады. Ал Лобаново ауылдық округіне Саят Қошқарбаев сайланды. Оны тұрғындардың 677-сі қолдады.
Есіл ауданында үш ауылдық округте сайлау өтті. Амангелді ауылдық округінде тұрғындар 1964 жылы туған Бақыт Исмагулов үшін дауыс берді. Заречный селолық округінде «АМАNАТ» партиясы атынан ұсынылған Арман Абулгазин жеңіске жетті. Явленка селолық округінде де «АМАNАТ» партиясының өкілі Нұркен Сисенбаевты халық таңдады.
Жамбыл ауданындағы Кладбинка селолық округінің әкімі болып «Respublica» саяси партиясынан түскен Сұлтан Абзалимов сайланды.
Мағжан Жұмабаев ауданында екі ауылдық округ және Булаево қаласы әкімінің сайлауы өтті. Қала басшысы болып «Қазақстан халқы партиясының» мүшесі, 37 жастағы Азамат Беримжанов сайланды. Алтын дән селолық округіндегі сайлау нәтижесі бойынша Валерий Форш әкім болды. Бастомар ауылдық округінің халқы бұрынғы әкімдері Марат Қайыржановты қолдады.
Қызылжар ауданындағы Бугровое селолық округіне 235 дауыс жинаған Нұрсұлтан Қуатов әкім болып сайланды. Виноградов ауылдық округі тұрғындарының басым бөлігі Фархат Гарипов үшін дауыс берді. Ал Прибрежный селолық округіне Дәурен Рамазанов сайланды.
Мамлютка қаласының әкімі болып «АМАNАТ» партиясынан ұсынылған Асқар Оразалинов сайланды. Новомихайловка селолық округінде Елхан Бименді көп дауыс жинап, жеңіске жетті.
Ғ. Мүсірепов ауданындағы Возвышенский селолық округі бойынша Елена Сандерс жеңіске жетті. Новосельский ауылдық округіндегі сайлау қорытындысы бойынша Сергей Спасибушкин әкім болып сайланды.
Тайынша ауданында бес ауылдың әкімі таңдалды. Ол Драгомировка селолық округінде — Александр Шерстюк, Келлеровкада — Ержан Хамитов және Тихоокеан ауылдық округіне Ерлан Бакиров әкім болса, Яснополяна селолық округіне Ермұқан Темірбаев әкім болып сайланды. Чкалов селолық округіне өзін-өзі ұсынған Азамат Қалиақпаров әкім болып сайланды.
Тимирязев ауданындағы Докучаев селолық округінде болған сайлауда өзін-өзі ұсынған Бақытжамал Жағыпарова жеңіске жетті. Уәлиханов ауданындағы Қарасу ауылдық округі азаматтарының басым бөлігі Ғалиаскер Жүкенов үшін дауыс берген.
Шал ақын ауданында Новопокровка ауылдық округіне Руслан Сәдуақасов әкім болып сайланса, Приишим селолық округіне Марат Ахметов сайланды. Ал өзін-өзі ұсынған Ғани Құбаисов Юбилейный селолық округінің әкімі болып сайланды.