СҚО тұрғындары зейнетақы қорындағы ақшаларын баспана алуға жұмсауда

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр шамамен 2,6 мың адам зейнетақы қорындағы жинақтың шекті сомадан асқан бөлігін пайдаланбақ болды. Олардың 1,7 мыңы 9 млрд 147 млн соманы баспана алуға жұмсау үшін өтініш берген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Елімізде 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының шекті сомадан асқан бөлігін мақсатты түрде жұмсауға, яғни баспана алуға немесе ипотекалық несиені жабуға, емделуге және инвестициялауға рұқсат берілген. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 1731 адамнан 9 147 млн теңгені тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жұмсауға 2 895 өтініш түскен. Оның ішінде 1 590 адамның 3 275 млн теңге сомасына өтініші орындалды. Бірақ 510 адамның 896 млн теңгесі қорға қайтарылған.

Биыл жарты жылда жинақтағы артылған соманы баспана алуға жұмсауға 824 адамнан 1505 өтініш түскен, жалпы сома – 2 037 млн теңге. Бірақ 246 адамның өтініші бойынша 385 млн теңге қордағы жеке есепшоттарына қайтарылды.

Өңір тұрғындары зейнетақы жинағының бір бөлігін емге жұмсаған. Мәселен былтыр 815 адам өтініш білдірсе, биыл 341 адам жинақтағы артылған соманы еміне жұмсамақ болды.

— Былтыр 759 адам 1 107 млн теңгені емделу үшін алды. Бірақ 56 адам 56 млн теңгені өтініші бойынша қайтарған. Тұрғындардың басым бөлігі стоматологиялық қызметке жүгінеді. Санаулы бөлігі ғана офтальмологиялық ем алған. Биыл 325 адамның 430 млн теңгеге өтініші мақұлданды, — дейді «БЖЗҚ» АҚ СҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Зейнетақы жинағының шекті сомадан асқан бөлігін жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге былтыр 85 адам өтініш білдірген. Осылайша 108 млн теңгесін инвестицияламақ болған. Олардың 82-сінің өтініші мақұлданды. Биыл 148 млн теңгесін 98 адам компаниялардың басқаруына бергісі келсе, солардың 96-сының өтініші оң шешілді. Бір адамның 7 млн теңгесі өз өтініші бойынша қордағы жеке есепшотына қайтарылды.

«Қазіргі уақытта «БЖЗҚ» АҚ бес жеке басқарушы компаниямен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартқа отырған. Олар: «Jusan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ және «Halyk Finance» АҚ.

— Салымшылар БЖЗҚ-ға өтініш жазып, зейнетақы жинақтарын бір жеке басқарушы компаниядан екіншісіне сенімгерлік басқаруға бере алады. Бірақ ол үшін араға бір жыл салуы керек, — дейді филиал мамандары.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz