Жақын арада Петропавл халықаралық әуежайында «Петропавл – Шарм-Эль-Шейх» әуерейсі қайта қосылмақ. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерден Шортыбаев мәлім етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Естеріңізге салсақ, 2019 жылы теріскейден тікелей Мысыр елінің Шарм-Эль-Шейх қаласына қатынайтын әуерейсі қосылған болатын. Алайда халықаралық әуежайдың қаржылық жағдайына байланысты бұл бағыт бойынша қатынау тоқтатылды. Енді араға 5 жыл салып, рейс қайта жанданбақ.
– Бүгіндері әуежайымыздан тұрғындарымыз Астана, Алматы және Шымкент бағыттары бойынша қатынай алады. Биыл демалушыларды Мысырға жеткізетін боламыз. Қазіргі уақытта туроператорлармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бір аптада кем дегенде 80-100 адамды жинасақ, әуерейсі жанданады, – дейді Ерден Шортыбаев.