Петропавлдағы ең көпбалалы отбасында тағы бір нәресте дүниеге келді. Ерлі-зайыпты Култышевтер 19-ыншы нәрестесін өмірге әкелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Қуанышты хабармен Петропавлдағы перинаталдық орталық бөлісті.
— Бойы 56 сантиметр, салмағы 4 250 грамм болатын сүйкімді қыз өмірге келді. Бұл – қуаныш пен бақыт сыйлайтын өте керемет оқиға. Шаңырақтарыңыздан береке-бірлік кетпей, жылулыққа толы болсын, — делінген перинаталдық орталықтың әлеуметтік желідегі парақшасында.
Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді аурухананың перинаталдық орталық директоры Елена Калюжнаяның айтуынша, нәресте 6 тамыз күні таңғы сағат 5.20-да дүниеге келген.
— Ана мен баланың жағдайы жақсы. Ертең үйлеріне жіберуіміз мүмкін. Жаңа босанған жас ананың жасы 43-те. Нәрестенің әкесі – 45-те. 19 баланың барлығы біздің перинаталдық орталықта дүниеге келген, — дейді Елена Калюжная.