«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қызметкерлері М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне келіп, жоғары оқу орны жүзеге асырып жатқан ғылыми жобаларды талқылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кәсіпорын өкілдеріне инженерия, агроөнеркәсіп кешені, медицина, ұшқышсыз ұшатын аппараттар бойынша жұмыс істейтін жаңа оқу-зертханалық кешеннің заманауи зертханалары көрсетілді.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС сыртқы стейкхолдерлермен жұмыс департаментінің директоры Тельман Шуриев ғылыми жобаларды іске асыру жұмыстары өндіріс қажеттіліктеріне сай қайта қаралғанын атап өтті. Экономиканың нақты секторында сұранысқа ие кейстер дамып жатқанын алға тартты.
Өз кезегінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің директорлар кеңесінің төрағасы Ғалым Байтұқ оқу-зертханалық кешендегі ғылыми жабдықтардың әлеуетін жоғары бағалады, соның арқасында өңір кәсіпкерлерімен өзара ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығуға болатынын айтты. Мәселен, университет сатып алған голландиялық тамақ өнімдерінің хроматографы тамақ өнімдерінің құрамына химиялық талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл қызметті қазір Ресей Федерациясында немесе Алматыда осындай талдауға тапсырыс беруге мәжбүр болған кәсіпорындар пайдалана алады. Яғни, өңірдің ет-сүт кешенінің жұмысы айтарлықтай жеңілдейді.