Достық үйінде «Отбасы құндылығы – сарқылмас қазына» атты дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиынға ата-аналар, қоғам белсенділері мен білім беру саласының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
«Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджановтың айтуынша, ата-ана бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамауы қажет. Ата-аналар жиі бас қосып, тәрбие жолында ақылдасып, кеңесіп, пікір алмасқаны дұрыс. Әкелер күні, Аналар күні, Отбасы күнін назардан тыс қалдырмай мерекелік іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұрғанымыз дұрыс.
Жиында сөз алған Гүлбақша Мұсабаева, Айнагүл Саутпекова, Жазира Баукенова, Маржан Тажимуратовалар отбасылық құндылықтардың жоғалып бара жатқаны төңірегінде сөз қозғады. Қалалық маслихаттың депутаты Сәлімхан Сәбитов «Отбасы құндылығы – жастар көзі» баяндамасында өз замандастарының «Отан отбасынан басталатынын» түсінбейтініне қынжылатынын айтты.
– Отбасылық мәселелер күннен күнге өзекті болып барады. Ата-аналар жұмысбасты болуына байланысты балаларына арнайылап уақыт бөле бермейді. Соның кесірінен жасөспірімдер бос уақытының басым бөлігін ғаламторда өткізіп, санасын керексіз ақпараттарға толтыруда. Егер отбасы мүшелері бір-бірімен араласып, сырласа алғанда балалар да жаман-жақсыны айыра алар еді, – деді Сәлімхан Сәбитов.
Жиында атаның даналығын, әженің ертегісін, әкенің өсиетін, ананың еркелете айтқан сөздерін естіген баланың сана-сезімі рухани құндылықтарға толып, жолы қашанда ашық болатыны айтылды.