Облысқа жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев келді. Іс-сапар барысында ол өңір тұрғындарымен, коммерциялық емес және қоғамдық ұйым мүшелерімен кездесті. Сондай-ақ облыс тұрғындарын жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Мансұр Ошурбаев алдымен өңір тұрғындарымен кездесті. Вице-министрдің мәліметі бойынша өңірдегі ауаның 72,7 пайызына зиянды қалдықтар «Севказэнерго» АҚ ЖЭО-нан бөлінеді. Сонымен қатар ол қоқыс полигондары тек біздің өңірде ғана емес, бүкіл республикада ауқымды проблеманың бірі екенін айтып өтті. Себебі қазір облыста 450 қоқыс полигоны бар, олардың тек 11-і ғана экологиялық талаптарға сай келеді екен.
– Өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында облыстың экологиялық мәселесін кешенді шешу бойынша жол картасы бекітіліп, әзірленді. Онда 15 шара бар. Қазір сегізі орындалды. Облыс бойынша рұқсат етілмеген полигондарды жоюда оң үрдіс байқалады. Мәселен, 2020 жылдарда 581 орын анықталса, 2023 жылы бұл сан екі есе азайған, – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.
Аталмыш ведомство өкілі облыста қоқыс полигондарынан өрт шығу фактісі жиі тіркелетінін атап өтті. Сол себепті төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдік бұл мәселе бойынша бірлесе жұмыс істеуі керек екенін тілге тиек етті. Өзінің баяндамасынан соң Мансұр Ошурбаев тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Алдымен Петропавлдағы ботаникалық бақтың директоры Артур Рязапов өз өтінішімен жүгінді. Петропавлдық қоғам белсендісі облыс орталығында жасыл желектер мен ормандар азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, олардың орнына көпқабатты үйлер салынып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл экологияға кері әсерін тигізеді.
– Қазір көптеген орман қорлары құрылыс алаңына айналды. Орман қорына кіретін 230 гектар жерге көпқабатты тұрғын үйлер салынып жатыр. Мәселен, Жеңіс саябағының жанындағы Набережная көшесін алсақ, ол жердегі ағаштар 70 жылдан бері келе жатқан еді. Қазір оның барлығы кесіліп, орнына тұрғын үйлер бой көтеруде. Қаламызда өнеркәсіп көп. Сол себепті, экология министрлігінен орман қорлары мен ағаштарды сақтап қалуға көмектесулеріңізді сұраймыз, – деді қала тұрғыны Артур Рязапов.
Өз кезегінде сала өкілі эколог ретінде бұл мәселеге бей-жай қарай алмаса да, дамушы ел болғандықтан қазір инвестиция, құрылыс мәселелері ауқымды екенін жеткізді. Халық саны артып жатқандықтан, оларды баспанамен қамтамсыз ету өзекті. Дегенмен салалық министрлік ормандар мен жасыл желектерді сақтап қалуға тырысатынын айтты.
Тұрғындармен кездесуден кейін вице-министр жеке қабылдау өткізді. Мансұр Ошурбаевтың қабылдауына Аққайың ауданына қарасты Смирново ауылының тұрғындары келді. Олардың айтуынша, құжаттар бойынша аталмыш елді мекенде өндірістік қоймалар орналасқан. Бірақ іс жүзінде ол жерде астық элеваторы жұмыс істейді. Кәсіпорыннан шаң-тозаң көп шығады, кеміргіштер де мазаны алатын көрінеді.