Құрылысшы күні қарсаңында облыстық әкімдікте салтанатты жиын өтті. Шараға қатысқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов кәсіби мереке иелерін құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Соңғы жылдары өңірімізде құрылыс қарқыны артты. Нәтижесінде пәтер кезегінде тұрғандар мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болуда. Бұған қоса облыста әлеуметтік маңыздағы нысандар бой көтеріп жатыр. Аудандарда медицина мекемелері мен спорт кешендері тұрғызылса, Петропавлда жаңадан Бірлік шағынауданы пайда болды. Онда су тасқыны салдарын сезінген отбасылар қоныстануда.
– Табиғи апаттан 4 мың жеке тұрғын үй, 6 мыңнан астам саяжай учаскесі су астында қалды. Бүгіндері су тасқынының зардабын жою жұмыстары жалғасуда. Құрылысшыларымыз оған белсенді ат салысып, санаулы уақыттың ішінде жаңа баспаналарды тұрғызды. Мәселен, биыл қайырымды жандар мен «Қазақстан халқына» қорының қаржылай қолдауымен Петропавлда жаңадан Бірлік шағынауданы пайда болды. Бұл жерге жылжымайтын мүлкінен айырылғандар қоныстанып жатыр. Қазіргі уақытта жоспарланған 700 баспананың 285-нің кілті берілді. Мереке қарсаңында барша құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Олардың еңбегі елеусіз қалмайды, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өңір басшысы өз сөзінде қысқа уақыт ішінде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек келген барлық құрылыс компаниялардың өкілдеріне, қаржылай демеу көрсеткен кәсіпорындар мен ерікті жандарға алғысын білдірді. Жиында белгілі болғандай, қазіргі күні облыста 170 әлеуметтік маңызы бар нысан тұрғызылып, жөндеуден өтуде.
Кейін салтанатты шара барысында құрылыс саласында еңбек етіп жүрген бір топ азамат Өнеркәсіп және құрылысы министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында «Основание» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тасқалаушысы Максим Иванов та бар.
– Құрылысшылар күні қарсаңында еңбегім бағаланғанына қуаныштымын. Біздің компания қысы-жазы көпқабатты үйлерді тұрғызудан жалыққан емес. Нәтижесінде тұрғындар көптен күткен шаңырақтарына ие болуда. Олардың жүздеріне ұялаған қуанышты көргенде жаным рахатқа бөленеді. Әлі талай отбасыға сапалы үй тұрғызамыз деп ойлаймын, – дейді тасқалаушы.
Сондай-ақ мерекеге орай облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да табысталды. Өз кезегінде марапатталғандар да өңір басшысы Ғауез Торсанұлын кәсіби мейраммен құттықтады. «Стадия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгері Игорь Киселев аймақ жетекшісінің Қазақстанның құрметті құрылысшы екенін атап өтіп, барша әріптестеріне жылы лебізін жеткізді. Шара соңында төл мереке иелері естелік суретке түсті.