Аризона университеті жайлы 7 дерек

Авторы: Qyzyljar News

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында М.Қозыбаев университетінің базасында Аризона университетінің филиалы ашылады. Жергілікті жоғары оқу орнының инновациялар, интернационалдандыру және трансформация мәселелері жөніндегі басқарма мүшесі Дамель Мектепбаеваның айтуынша, жаңашылдық ғылым-білімді одан әрі дамытып, М.Қозыбаев университетінің жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізеді. Басқарма мүшесі өзінің «Instagram» парақшасында америкалық университетке қатысты тың деректермен бөлісті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Университет проректорының айтуынша, шетелдік жоғары оқу орны ғылым-білім саласында бірқатар жетістіктерге ие. Соларға жекелей тоқталайық:

1. Аризона университеті ғылымға 761 миллион доллардан астам қаражат бөліп, әлемдік деңгейдегі зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетеді. Білім ордасының ғылыми-зерттеу кеңсесі 418 патентке ие әрі астрономия мен астрофизика саласындағы зерттеулер бойынша бірінші орында тұр;

2. Университетте 3000-нан астам оқытушы еңбек етеді. Оның үшеуі – Нобель сыйлығының лауреаты. Америкалық оқу орны Фулбрайт халықаралық стипендиясының саны бойынша үздік жоғары оқу орны болып табылады.

3. 1937 жылы Аризона университетінде жылдық сақиналарды зерттеу ойлап шығарылды. ⠀

4. «NASA» ғарыш агенттігі 1969 жылдан бері Аризона университетінде шығарылған айдың картасын қолданып келеді.

5. Аризона университетінің обсерваториясында Giant Magellan Telescope атты үлкен телескоп жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылғы заманауи телескоптардан 40 есе жылдам жұмыс істейтін болады. Оның көмегімен экзопланеталарды, қара материяларды зерттеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, ғарыш объектілерінің нақты дәлме-дәл суреттерін түсіруге болады.

6. Аризона университетінің зертханасы OSIRIS-REx станциясының бұрын-соңды болмаған миссиясына қатысуда. Автоматты планетааралық станция Бенну астероидынан топырақ алу үшін 2016 жылы іске қосылғаны белгілі. 2018 жылы ол астероидқа жетті, ал 2023 жылы жерге оралуы тиіс. Аризона университеті басқа америкалық және әлемдік университеттер арасында NASA марапаттарының саны бойынша 4-ші орында.

7. Еліміздің «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 72 үміткері Аризона университетін таңдаған. Студенттер жоғары оқу орнын биотехнология, инженерлік ғылымдар, ақпараттық технологиялар, машина жасау, энергетика, геоақпараттық жүйелер және қоғамдық денсаулық сақтау бағыттары бойынша тәмамдады. Бұл бағдарлама аясында 55 бакалавр мен 16 магистр және бір ғылым докторы білім алды.

Студенттер Америка Құрама Штаттарының білім беру жүйесіне сай ағылшын тілінде оқитын болады. Екі дипломдық бағдарламарды дамыту мен ғылыми жобаларды бірлесе жүзеге асыруға баса назар аударылмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz