Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің өкімімен Рүстем Мұқашұлы Елубаев Ақжар ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Рүстем Елубаев 1969 жылы 27 шілдеде бұрынғы Көкшетау облысы Қызылту ауданының Май ауылында туған. Көкшетау ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша тамамдаған.
Еңбек жолын 1992 жылы Ленин ауданының «Май» кеңшарында тұқым өсіруші-агроном болып бастаған. Түрлі лауазымды қызметте, соның ішінде 2005 жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, 2006 жылы Уәлиханов ауданының әкімі, 2007 жылы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы, 2009-2013 жылдар аралығында Аққайың ауданының әкімі және облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттар басқармасының басшысы қызметін атқарды. ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Фитосанитарлық диагностика және болжау әдістемелік орталығы» облыстық филиалын басқарды. Осы тағайындауға дейін Аққайың ауданының әкімі қызметін атқарды.