Петропавл қаласында жедел медициналық жәрдем бригадаларының республикалық спартакиадасы өтуде. Спорттық жарыстың барысымен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2020 жылдан бастап «Жедел жәрдем» орталығындағы көліктер 100 пайызға жаңартылды. Алдағы уақытта бұл жалғасын таппақ.
Спартакиада жедел медициналық жәрдем бригадалары қызметкерлері арасындағы өтіп жатқан спартакиада дәстүрлі. Өткен жылы мұндай жарыс Семей қаласындаұйымдастырылып, жерлестеріміз бірінші орыннан көрінген болатын. Биылғы сынға еліміздің өңірлерінен 20 команда қатысып жатыр.
«Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» ШЖҚ РМК оқу-тренингтік орталығының жетекшісі Ғұмырбек Ағыбаев бұл шараның мақсаты – шұғыл жағдайда науқастарға көмек көрсетудің қызмет талаптарын пысықтауға бағытталғанын атап өтті.
– Медициналық мамандар шұғыл әрекет етпесе – өлім-жітім орын алуы ықтимал. Ол үшін «Жедел жәрдем» бригадалары белгілі тәртіппен жедел көмек көрсетуі тиіс. Бұл шараның аясында мамандар әр түрлі жағдайға тап болған науқастарға көмек көрсету бойынша білімдері мен біліктіліктерін сарапқа салады. Жұмыс барысында түрлі жағдайлар орын алуы ықтимал. Ал мамандар науқастарға кез келген жағдайда медициналық көмек көрсетуге міндетті, – деді Ғұмырбек Ағыбаев.