Астанада кекушинкай каратэден Азияның бірінші ашық чемпионаты мен ІV балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі өтті. Қос жарысқа дүниежүзінің 22 мемлекетінен 600-ге тарта спортшысы қатысты. Өңір намысын қорғаған каратэшілер жүлдегерлер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Азия біріншілігінде жерлестеріміз «кумитэ» және «ката» сындарында өнер көрсетті.
«Кумитэде» Богдан Митрофанов, Светлана Малихтарович пен Людмила Бутенко бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал Рустам Райцинов, Роман Разумов, Әлішер Нұрғалиев пен Михаил Безуглый күміс медальдарды місе тұтты. Үшінші орын Айнагүл Бауэнова, Аян Тортаев, Станислав Николаев, Валерий Николаев және Николай Дорогаевқа бұйырды.
Азия біріншілігіндегі «ката» сынында Сергей Истомин бірінші, Кирилл Товкало екінші және Марат Бейсекеев үшінші орындарды иеленді.
Солтүстікқазақстандық каратэшілер әлем біріншілігінде де қанжығаларын майлады. «Кумитэ» санатында Сафира Гематдинова – алтын, Александр Заика, Илья Заика, Данияр Балтабаев, Мария Оралтаева және Карина Ахметова – күміс және Мария Рудикова, Алина Кузнецова, Милана Шалаева, Әмір Уәлиев, Жібек Әлтековалар қоланы қанағат тұтты.
Осылайша, облыс командасының қоржынына 26 жүлде түсті.