«KAZINFORM» хабарлағандай, Үкімет отырысынан кейін журналистер Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтен Петропавлдың атауын өзгерту туралы сұрақ қойды.
Әкім өңірде облыс орталығын қайта атаудан басқа өзекті мәселелер көп екенін айтып, қысқа қайырды.
«Қазіргі таңда бұл мәселе өзекті деп ойламаймын. Өйткені шешілуі тиіс басқа да мәселелер баршылық. Қаланы абаттандыру, жылу, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бар», — деді ол.
Облыс басшысы ондай мәселенің қоғам ішінде талқыланып жүргенінен хабары бар екенін айтады.
«Бұл тақырып көтеріліп жатқан жоқ деп жоққа шығара алмаймын. Қаланың атауын өзгерту керек дейтіндер бар, әлі уақыты келген жоқ деп санайтындар да баршылық. Менің жеке ойым – адамдардың пікірі ескерілуі керек. Көп адам өзгерту керек деп шешсе, оны қарастырамыз, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.