Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызыметінің мәліметі бойынша, барлық қалалық және аудандық полиция бөлімшелері қызметкерлерінің алдына жаңа оқу жылы қарсаңында оқу орындарының қауіпсіздігін нығайту міндеті қойылды.
Мамлют аудан орталығында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, білім беру нысандары мен балалар ойын алаңдарының жанында жол белгілерінің, жасанды тегіс еместіктердің және жол таңбаларының болуын, бейнебақылау және құлақтандыру жүйелерінің, дабыл түймелерінің болуын және жұмыс істеуін тексерді.
Облыс бойынша да осындай жұмыстар жүргізілуде. Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 370 білім беру мекемесі бар, бүгінгі таңда 55-і лаңкестікке қарсы қорғауға тексерілді, нәтижесінде бұзушылықтарды жою туралы 10 ұйғарым шығарылды. Сонымен қатар, күзетшілердің біліктілік талаптарына сәйкестігі де полицейлердің бақылауында.
Бұдан басқа, тәртіп сақшылары мектептердің, колледждер мен балабақшалардың жанындағы көше-жол желісінің жай-күйін тексеруде, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқамалар тиісті ұйымдарға жіберіледі.