Ең шалғайдағы Уәлиханов ауданына ерекше назар аударылады. Бұл жөнінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі. Өңір басшысы жұмыс сапары барысында инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерген.
Уәлиханов ауданындағы өзекті мәселелердің бірі – жолдардың жағдайы. Дәуіт ауылынан Кішкенекөлге дейінгі жолға күрделі жөндеу жүргізілуде. Кішкенекөлден РФ шекарасына дейін орташа жөндеу басталады. Ұзындығы 35 шақырымды құрайтын «Өндіріс-Жұмысшы-Мырзағұл» облыстық жолы жөнделіп, елді мекендер арасындағы қатынас жақсармақ. Сондай-ақ мұнда су тасқыны кезінде зардап шеккен көпір қалпына келтірілуде. Ақтүйесай ауылында 11 көшеге асфальт төселініп жатыр. Сонымен қатар ауылда фельдшер-акушерлік пункт салынуда.
Аудан орталығы – Кішкенекөлде бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар пайдалануға берілмек. Бұл — заманауи емхана және спорт залы бар жабық бассейн. Сондай-ақ аудан орталығында стадион мен мектеп күрделі жөндеуден өтуде.