СҚО-да жаңа оқу жылында 458 мектеп пен 461 балабақша жұмысын бастайды

Авторы: Марат Шынтеміров

    Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте, бүгінге дейін 6 498 балаға 281,6 млн теңге төлем жасалғанын айтты. Бұдан бөлек, 37 мың оқушыны тегін ыстық тамақпен қамту үшін 3,8 млрд. теңге бөлінген.

     Өңірде биыл жалпы оқыту қорына 1 480 млн. теңге бөлінген. Қазір тұрмысы нашар, көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар мектепке қажетті керек-жарақпен қамтылып жатыр.  Биылдан бастап жалпы оқыту қорынан көрсетілетін материалдық көмек мемлекеттік қызмет ретінде бекітілген. Біржолғы төлем – 43 мың теңге шамасында. Өңірде бұл көмек 11 мыңға жуық балаға тиесілі. Олар – тұрмысы нашар, жетім және ата-ана қарауынсыз қалған оқушылар, тасқыннан зардап шеккен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары.

    «Тамақтану сапасын бақылау мақсатында мектептерде бракераждық комиссиялар құрылды. Сонымен қатар барлық аудандарда ведомствоаралық сараптамалық топтар жұмыс істейді. Олардың құрамына ата-аналар, қоғамының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Биыл асханалардың жабдықтары, жиһаздарын жаңартуға, бейнебақылау орнатуға 424,3 млн. теңге бөлінді, бұл былтырғыдан шамамен 3,5 есеге көп», – дейді Татьяна Протопопова. Маманның айтуынша, биыл 1-сыныпқа 7,3 мың бала қабылданды, жалпы 75 мың оқушы бар. Сабақ 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады. Балалар әдеттегідей үш ай демалады. Сондай-ақ биыл 3-сыныптан бастап шет тілін, еңбек және бейнелеу өнері пәндері енгізіледі.

    Осы жылы 285 елді мекеннен 2,5 мыңнан астам бала барып-келіп оқымақ. 1,8 мыңнан астам оқушыны күнделікті тасымалдау қажет болса, қалғаны интернатта жатып оқып, үйлеріне апта соңында барып отырады. Бұл мақсатқа білім ордаларының балансында 147 автокөлік бар. Жыл сайын мектептердің автобус паркі жаңартылып келеді. Өткен жылы 29 мектеп автобусы сатып алынды. Биыл тағы 38 жаңа техникамен толықты.

«Биыл біз 47 пәндік кабинет алдық, оның 38-і ауыл мектептеріне жөнелтілді. Сондай-ақ 1 STEM-зертхана, 1 робототехника кабинетін сатып алдық. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6,4 млрд. теңге бөлінді, бұл өткен жылдан 2 млрд. теңгеге көп. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл 167 мектеп интернет жылдамдығын 100 Мбит/с дейін арттырды, оның ішінде 138 мектеп Starlink орнату нәтижесінде сапалы интернетке қол жеткізді», – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Биыл облыста 53 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жүргізілді. 6,1 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінді, оның ішінде: «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2,7 млрд. теңгеге 22 нысан, облыстық бюджеттен 3,4 млрд. теңге сомасына 31 нысан жөнделді.

«Негізінен кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шатыр, терезе блоктары ауыстырылды, жылыту жүйесін жөнге келтірдік, электрмен жабдықтау, ішкі және сыртқы жұмыстар атқарылды.

Барлық жұмыстарды оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жылыту маусымына дайындық та назарда. Биыл қазандықтар мен қазандық жабдықтарын сатып алуға 1,6 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 86 қазандық және 78 қазандық жабдығы сатып алынып, орнатылып жатыр. Жылыту маусымына 98,1 мың тонна көмір сатып алынады, ол үшін 1,5 млрд. теңге бөлінді», – дейді Татьяна Протопопова.

     Осы брифингке қатысқан СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Таласбаева облыста 2700 оқушыға арналған 4 мектеп салу қарастырылғанын атап өтті. 2023 жылы Петропавл қаласының Береке және Орман шағын аудандарында 600 орындық 2 мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Маңызды жұмысқа Ұлттық қордан 4 млрд. тенгеге жуық ақша бөлінді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz