Елімізде тамыздың әр үшінші жексенбісінде Спорт күні аталып өтіледі. Биыл аталмыш мереке қарсаңында Жастар сарайында салтанатты жиын ұйымдастырылып, бірқатар спорт саласының майталманы марапатталды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев қатысты.
Өңір басшысының орынбасары соңғы жылдары облыста спорттық нысандар салынып, саламатты өмір салтына бет бұрған азаматтар қатары артқанын айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2029 жылға дейін дене шынықтыру және спортпен айналысып жүргендер саны халықтың 50 пайызын құрауы тиіс деген болатын. Бұл ретте, облыс басшылығы Президенттің қойған міндетін орындауда аянбай тер төгуде.
Өңіріміз талай талантты спортшыларды тәрбиелеп өсірді. Теріскей топырағынан түлек ұшқан Александр Винокуров, Жанат Жақиянов сынды спортшылар облыс атын күллі әлемге танытты. Олардың жолын Алексей Луценко, Ризабек Айтмұқан, Әмір Зәкіров және Ербол Хамитов сынды саңлақтарымыз жалғастырып келеді. Командалық спорт түрлерінде де жерлестеріміз жоғары белестерді бағындыруда. «Қызылжар» футбол клубы, «Қуаныш», «Есіл» волейбол командалары биылғы маусымда өз жеңістерімен жанкүйерлерін қуантатынына сенімдімін. Мерекеде облыс әкімінің және өзімнің атымнан барша сала қызметкерлерін құттықтаймын. Сіздерге толағай табыс тілеймін, – деді Қанат Дүзелбаев.
Салтанатты жиында бір топ спорт саласының қызметкері, ардагерлер мен саламатты өмір салтын насихаттауға үлес қосып келе жатқан азаматтар марапатқа ие болды. Оларға облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ су тасқынын алдын алуға және салдарын жоюға атсалысқандар да назарсыз қалмады. Олардың қатарында «Үміт» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы директорының орынбасары Арман Жәміш те бар.
– Биыл табиғаттың тосын сыйына спортшылар да жұмылдырылды. Біз бөгеттерді тұрғызуға атсалыстық. Мұндай қиын уақытта әр азаматтың көмегі маңызды деп санаймын, –деді Арман Жәміш.
Кәсіби мерекелерінде Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жаттықтырушы-оқытушысы Дастан Қабденовтің шәкірті Наталья Богданова биыл Ұлттық құрама сапына алынып, бокстан бірнеше халықаралық және республикалық жарыстарға қатысты. Білікті спортшыны дайындаған бапкерінің еңбегі де өлшеусіз қалмады.
– Өкінішке қарай, төртжылдықтың басты бәсекесіне Наталья Богданова жолдама ала алмады. Десе де, ол ұлттық құрама сапында. Келер жолғы додаларда топ жаратынымызға сенімдімін. Шәкірттерім әлі талай асуларды бағындырады, – деді Дастан Қабденов.
Шара барысында халықтық спорт ойындарының қорытындысы жарияланды. Бірінші орын – Қызылжар ауданына бұйырса, екінші сатыға – Ғабит Мүсірепов атындағы аудан жайғасты. Ал үздік үштікті Шал ақын ауданы түйіндеді. Оларға кубоктар мен дипломдар табысталды.