СҚО-да педагогикалық қызметкерлердің тамыз кеңесі өтті

Конференцияға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов пен педагогтар, еңбек ардагерлері мен жас мамандар қатысты.

Авторы: Марат Шынтеміров

Алқалы жиында облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова өткен оқу жылының қорытындылары мен алда тұрған ауқымды міндеттер туралы баяндама жасады.

 

–Бүгінгі таңда балабақшалар мен шағын орталықтарға баратын 2-6 жасқа дейінгі балалардың үлесі 93,9 пайызды құрайды. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту көрсеткіші жоғары болғанымен,  облыс орталығында әлі де орын тапшылығы бар. Кезек санын азайту үшін биыл 300 жаңа орын ашу жоспарлануда. Бұл мектепке дейінгі біліммен балалардың 95 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дей келе облыстық білім басқармасының басшысы білім сапасын арттыру мәселесі қазіргі таңда тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің көптеген елдері үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып табылатынын айтты. Бұл мақсатта өңірдегі білім беру ұйымдарына республикалық мониторинг жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 943 нысаналы мектеп анықталды. Аталмыш мектептер  білім сапасын арттыруға бағытталған қосымша оқу-әдістемелік қолдауды қажет етеді. Біздің облыста республикалық жобаға 128 нысаналы мектеп кірді. Нысаналы мектептермен жұмысты үйлестіру үшін өңірде жобалық кеңсе құрылғанын да айтып өту қажет.

Екі жылдың ішінде өңірдегі бес мектеп заманауи құралдармен жабдықталды. Кабинеттердің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылып, шеберхана, кітапхана, асхана, қосымша білім беру кабинеттері құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Инвестиция көлемі 1 миллиард 250 миллион теңгені құрады.

Педагогтардың тамыз кеңесінде сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов те аталмыш сала бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы Тайынша ауданындағы апатты оқу ордаларының орнына екі мектеп салынды. Оның бірі –Тайынша қаласында, екіншісі – Вишневка ауылында. Биыл 1 қыркүйекке дейін Драгомировка ауылында тағы бір 120 орындық мектептің құрылысы аяқталады. Петропавл қаласында да  орын тапшылығын азайту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Береке» шағынауданында 300 орындық арнайы мектеп пен 50 жатын орыны бар ғимарат пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» республикалық жобасы аясында биыл 1200 орындық 2 мектептің («Орман», «Береке» шағын аудандары) құрылысы аяқталуда. 1500 орындық тағы екі мектептің құрылысы басталды. Жалпы 3 жылдың ішінде облыста жеті мектеп салуды жоспарлап отырмыз, – деді Марат Иманбайұлы. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Петропавл қаласындағы «Береке», «Жас Өркен» шағын аудандарында қос балабақша құрылысы жүріп жатқанын тілге тиек етті. «Бірлік» шағын ауданында да балабақша құрылысы басталса, 600 орындық мектеп салу да жоспарланып отырғанын жеткізді. Мектептердегі қауіпсіздік, сапалы білім, өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігі жайлы білім беру саласындағы іргелі істерді қорытындылай келе Марат Тасмағанбетов ұстаздар қауымына ризашылық білдіріп, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz