Петропавлда жыл басынан бері 63 өрт болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға аз болса да адам өлімі тіркеліпті. Алты адам қаза тапқан. Оның екеуі – жұмыссыз жүргендер, үшеуі – зейнеткер, біреуі – кәсіпорын қызметкері. Тілсіз жаудан келген материалдық шығын екі миллион теңгеге жуықтайды.
СҚО ТЖД басқармасының бастығы Ержан Шәріповтің айтуынша, биылғы жылдың басынан бері өрттен қаза тапқан адам саны былтырғыға қарағанда артты. Өткен жылы бес адам қаза тапқан болатын. Ағымдағы жылы тіркелген өрттердің басым бөлігі электр құрылғыларын жөндеу және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан туындаған. Пешті дұрыс пайдаланбаудың салдарынан 17 оқиға тіркелді.
Мамандар тұрмыстық электр құрығыларын дұрыс қолданбау себепші болған жайттар 2 есе өсті дейді. Барлығы – 63 өрттің 45-і жер үйде болған. Сондай-ақ, 12 өрт 9 сауда нысаны мен 3 өндірістік орында тіркелген. Одан келген материалдық шығын 765 мың теңгені құрайды.