Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтің Qyzyljarnews.kz ақпараттық порталына берген ақпараты бойынша өңірде қазірдің өзінде 90 мың гектар алқапта дәнді және бұршақ дақылдары орылып, 70 мың гектары бастырылған. Науқан басталған кезеңдегі өнім берекелілігі гектарына орташа 16,5 центнерді құрап отыр.
– Өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан жалпы орақ науқанына 59 мың тоннаны құрайтын арзандатылған жанар-жағармай қажет екені айтылды. Аграршылардың өтінімдері толықтай қолдау тапты, бұл мәселеде еш қиындық жоқ. Арзан жанармайдың бағасы литріне 250 теңге, – дей келе Мейрам Меңдібаев – Сондай-ақ, шаруалар астықты кептіруге, яғни қондырғылардың жұмыс қуаттылығын қамтамасыз ету үшін қосымша 24 мың тонна арзандатылған дизельдік отын алады. Облыста жалпы 3,2 миллион тонна астықты қабылдауға мүмкіндігі бар 46 элеватор мен 332 астық қабылдау кәсіпорны бар. Өңірдегі ауылшаруашылық құрылымдарын қоса есептегенде, сыйымдылық мөлшері шамамен жеті миллион тоннаны құрайды, бұл бйылғы жылғы астықты сақтауға жеткілікті, – деді ол.
Өңір аграршылары 4,4 миллион гектар алқапта астық жинайтынын еске саламыз. Оның 3,3 миллион гектары дәнді және бұршақты дақылдар. Дәнді дақылдар алқабының 76,5 пайызы жақсы болса, 23,5 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.