Қызылжар ауданында тасқыннан зардап шеккен 1067 отбасы бүлінген мүлкі үшін 369 млн. теңге өтемақы алды. Жергілікті билік жылыту маусымы басталғанша барлығын баспанамен қамтуды жоспарлап отыр.
Облыстық қоғамдық кеңесте тасқыннан зардап шеккендердің мәселесі қаралды. Қызылжар ауданында 14 елді мекен су астында қалған еді. Салдарынан 1546 үй зақымданды. Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиеваның айтуынша, қазіргі уақытта 1387 үй бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, соның ішінде 407 баспана апатты деп танылды.
«980 үйді қалпына келтіру қажет, оның басым бөлігінде құрылыс жүріп жатыр. Оның 861-ін тұрғындар өздері жөндейміз деп шешті. 28 тұрғын үй иелерімен мәселе бар. Олардың бесеуі шетелде жүргендіктен хабарласа алмай отырмыз, қалғандарының құжаттары толық емес. Бұл үйлердің 13-ін жөндеп, қалғанын бұзу қажет. 1067 баспана иесі 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бүлінген мүлкі үшін өтемақы алды. Оларға жалпы сомасы 369 млн. теңге төленді», – дейді Алма Нұрғалиева.
Маманның айтуынша, «Қызылжар Асар» қоры 905 үйдің жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 5 млрд. жуық теңге бөлді. Әрқайсысына орташа есеппен 5 млн. 200 мың теңге шамасында берілді.
Бүгінге дейін 274 баспана сатып алынды. Үйлердің орташа бағасы – 15 млн. теңге шамасында. Зардап шеккен тұрғындар алатын үйлердің жаңа және кең болғаны маңызды.
«40-қа жуық отбасы Петропавлға қоныс аударып, «Бірлік» шағын ауданынан жаңа үй алды. Қазіргі уақытта 99 отбасының мәселесін шешу қажет. Олардың 25-іне пәтер алынса, қалған 74-іне «Бірлік» шағынауданынан жаңа баспана беріледі», – дейді Алма Нұрғалиева.
Қазіргі уақытта Қызылжар ауданында 7 механикаландырылған бригада жұмыс істеп жатыр. Олар баспаналарды қалпына келтірумен қатар 300-ге жуық үйді бұзды, мамыр айынан бері 24 мың текше метр қоқыс шығарды.