ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНБЫЗ БА?

Авторы: Марат Шынтеміров

     Өңірде әдетте қыркүйек айында жылыту маусымы басталады. Суықтың түсуіне бірер апта ғана қалғанымен, өңір тұрғындарының тек 41 пайызы ғана қажетті көмірді түсіріп алған.

img 5298

Облыстың жылыту маусымына дайындығы барысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте пысықталды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, биыл жылыту маусымына дайындалу үшін 31 млрд. теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 5,7 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген.  Жеке инвестициялар тарапынан  24 млрд. теңге қарастырылыпты.

«Петропавлдағы 2-Жылу-электр орталығында №1 қазандық агрегаты, №3,6 турбоагрегат күрделі жөнделіп және №1 түтін мұржасы салынып жатыр. Бұл мақсатқа  17,6 млрд. теңге бөлінген, бүгінгі күні  соның 7,23 млрд. теңгесі игерілді», — деді Данияр Қуанышбаев.

Маманның айтуынша, жұмыс кестеге сай атқарылып жатыр. Мәселен 2022 жылы құлаған түтін мұржасының орнына салынып жатқан жаңа мұржа қазір 30 метрге көтерілген.

«Ең қиын жұмыс артта қалды.  Бізге  оқпаны 150 метрге дейін көтеру қажет.  Бұл жұмысты 15 қарашаға дейін аяқтауымыз  керек. Ал қалған жұмыстар келесі жылы аяқталады. Қалған екі мұржа техникалық тексерістен өтті. Биылғы  қысты былтырғыдай сол екі мұржаның көмегімен  өткіземіз», — деді Данияр Қуанышбаев.

Петропавл қаласында 1170 көпқабатты тұрғын үй болса, қазір соның 84 пайызы ғана жылыту желісінде жуып-шаю жұмысын жүргізген. Жеке үй тұрғындары да қысқа дайындалуға асығар емес. Халықтың жылыту маусымында көмірге деген қажеттілігі – 399 мың тонна. Тұрғындар тек 146 мың тоннаны ғана түсіріп алған.

«Көмір бағасы маркасына байланысты 12-21 мың теңге аралығында. Қатты отын кестеге сай жеткізіліп жатыр, қазір тұйықтарда 34 мың тоннадан астам көмір бар. Бюджеттік ұйымдар жылыту маусымында 146 мың тонна көмір жағады, қазір 124 мың тоннасы жеткізілді. Жалпы денсаулық сақтау, білім беру ұйымдары қысқы жылыту маусымына 99 пайыз дайын», — деді басқарма басшысы.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz