Петропавлда Конституция күніне орай «Қызылжар – 2024» жартылай марафоны өтті. Биылғы спорттық шараға Көкшетау, Щучинск және облысымыздан 300-ден астам азамат қатысты.
Пестрое көлінің жағалауынан бастау алған жартылай марафон қатысушыларына жас ерекшеліктеріне қарай 5, 10 және 21 шақырым қашықтықты бағындыру талабы қойылды.
15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағылар 5 шақырымға жүгірді. Бұл санатта петропавлдық Ярослав Костылев мәре сызығын 18 минут 37 секундта өтіп, бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал 18-29 жастағылар қатарында тағы бір облыс орталығының тұрғыны Нариман Ташимов жеңімпаз атанды. 30 жастан асқандардың ішінде Александр Любимов жеңіс тұғырына көтерілді.
40-49 жас аралығы санатында мәреге Самат Есполов бірінші болып келді. Қызу тартыс 50-ден асқандар арасында да тіркелді. Бұл топта Марат Берденбеков жеңіске жетті. 60 жастағылар қатарынан Олег Сысолятин жеңімпаз атанды.
Жартылай марафонда 15-17 жастағы қыздар арасында Аққайың ауданының спортшысы Милана Шведова бірінші болып келсе, 18-29 жастағылар санатында петропавлдық Алина Левченкова жеңімпаз атанды. 30-39 жас аралығындағы әйелдер қатарынан Щучинск қаласынан келген Изабелла Метлицкая жеңіске жетті. 40-49 жас аралағындарда Татьяна Кучеренко мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. 59-дан асқандарда Антонина Шершнева барлығының алдын орады.
Вадим Левченков 21 шақырымды 1 сағат 08 минут 37 секундта жүгіріп өтіп үшінші жыл қатарынан марафонының абсолютті чемпионы атанды. Абсолюттік класстағы екінші нәтижеге Никита Изотов 1 сағат 14 минут 42 секунд көрсетіп қол жеткізді. Данила Свиржевскийге жартылай марафонның «қоласы» бұйрды. Ал әйелдер арасында Светлана Жүкенова жалпы есепте 21 шақырымды 1 сағат 36 минут 54 секундта жүгіріп өтіп топ жарды. Юлия Величко екінші нәтиже көрсетті (1:37,42). Ал жартылай марафонның қола жүлдесі Алена Маймесқұловаға бұйырды (1:41,34). Жоғарыда аталған барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер жартылай марафонға Петропавл қаласының атынан шықты.