«Алтын домбыра» ансамблі өңірдің айтулы ұжымдарының бірі. Бүгінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның ғана емес, облыстың намысын абыроймен қорғап жүрген аталмыш ұжым халық әндері мен күйлерін кеңінен насихаттауда.
«Алтын домбыра» қазақ ұлт аспаптар ансамблі 2008 жылы құрылған болатын. Оның негізін қалаған – Гүлжаз Құлманова. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық Мәдениет үйінің негізінде халмыздың төл өнерін дәріптеп, ұлттық музыкаға, салт-дәстүрге деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында құрылған бұл ұжымның бүгінде қатары көптеген өнерпазбен толыққанын атап өткен жөн. Репертуар қоржынындағы «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Беу айдай», «Сәулем, сәулем», «Дей салдым», «Сары бидай», «Той базар» халық әндері мен «Туған жер», «Келінжан», «Әгугай халқым» сынды тамаша туындыларды аспаптардың сүйемелдеуімен тамылжыта шырқайтын өнерпаздар өзге де композиторлардың шығармаларын керемет орындайды.
– Ансамбльді құру идеясы адамдарға жанды музыка қажеттілігінен туындады. Музыкалық тәрбие үрдісінде халық әндерін орындауда ұлттық аспаптардың сүйемелдеуіне ерекше көңіл бөлінді. Біз өз өнерімізбен көрермен көзайымына айналып қана қоймай, өнерсүйер қауымға рухани ләззат сыйлауды басты мақсат тұттық. Ансамбль мүшелері домбыра, қобыз, асатаяқ, тұяқтас, тоқылдақ, дауылпаз, сырнайда ойнайды. Өнерпаздардың барлығы кәсіби білімді мамандар, – дейі ансамбльдің көркемдік жетекшісі Гүлжаз Карлқызы. Ол өнер ұжымын басқарып қана қоймай, өзі де домбырада ойнайды. «Қыздар-ай», «Інжу», «Балдырған» сынды балалар хорына да жетекшілік ететін Гүлжаз Құлманова — бесаспап маман.
Өнер десе ішер асын жерге қоятын ол ұжымның қалыптасуына, қазақтың төл өнері арқылы ұлттық құндылықтарымыздың дамуына еңбек сіңіруде. Білімді де білікті жетекшінің арқасында ансамбль облыс көлемінде ұйымдастырылған мәдени шараларға белсене қатысады. Жеткен жетістіктері де аз емес. Түрлі аудандық, облыстық, аймақтық, халықаралық байқаулардан қоржындары бос қайтпаған. 2021 жылы халықтық атағын да абыроймен қорғады.
– Ән мен күй болмаса көңілді мұң басады. Сондықтан халыққа ән мен күй қай кезде де керек. Халқымызда көптеген тамаша туындылар бар. Естір құлақ болса, рухани құндылықтарымызды жас ұрпақтың санасына сіңіре беруге тиіспіз. Біз өз өнерімізді дамытып, ән мен күйдің қалпын бұзбай келер ұрпаққа табыстауымыз керек, – дейді Гүлжаз Құлманова.
Маман ансамбльдің Жанболат Батырбаев, Амангелді Дәріпхан, Лейла Божатова, Наталья Синдякина, Кирилл Ташлыков, Бәтима Жантасова, Омарбекова Жұлдызай сынды белді мүшелері жайлы жылы пікір білдірді.
Өнер өлкесінде өзіндік орны мен үні бар шығармашылық құрамдағы әр өнерпаз өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ақсүйек өнерге адал қызмет етуді парыз санаған ансамбль мүшелерінің орындаушылық шеберлігіне де шек жоқ.