Жас спортшы Анна Стратан және оның жеке жаттықтырушысы Руслан Дәулетов 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы грек-рим, әйелдер және еркін күрестен өткен Әлем чемпионатынан оралды.
Халықаралық деңгейдегі жарыс Иорданияның астанасы Амман қаласында өтті. Елу жеті келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен солтүстікқазақстандық балуан Анна Грекия спортшысы Майри Маниді 5:1 есебімен жеңіп, әлемдік біріншіліктің қола медаліне ие болды.
Петропавлдағы А.Винокуров спорт сарайында Анна мен оның жаттықтырушысын туған-туыстары, жақындары, жерлестері және спорт қоғамы мен спорт ұйымдарының өкілдері, спорт ардагерлері, жас спортшылар салтанатты түрде қарсы алды. Сондай-ақ, Анна Стратанды өзінің тәрбиеленушісі деп санайтын облыстық балалар мен жасөспірімдер күрес мектебінің басшылығы мен ұжымы да келді. Өйткені біздің кейіпкеріміз Мамлют ауданының Меңкесер ауылында облыстық балалар мен жасөспірімдер күрес мектебінің филиалында көптеген жылдар бойы жаттықты. Аннаның жаттықтырушысы Руслан Дәулетов облыстық күрес мектебінің штаттық қызметкері, ол ауылдық жерлерде жас балуандарды дайындаумен айналысады. Руслан өмірінің жиырма тоғыз жылын осы жұмысқа арнады. Қазір шалғайдағы ауылдың күрес секциясына отыз бес қыз келііп жаттығып жүр. Бұрын ол ұлдарды ғана жаттықтырса, қазір тобында әйелдер күресінің болашақ жұлдыздары тәрбиеленіп жатыр. Балуан қыздар қазірдің өзінде облыстық және республикалық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.
«Анна күрес бөліміне жеті жасында келіп, он жыл бойы мен оны жаттықтырдым. Биыл ол Меңкесер орта мектебінде оқуын аяқтап, облыстық олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжіне «жаттықтырушы-оқытушы» мамандығы бойынша оқуға түсті», — дейді Руслан Дәулетов.
Әлем чемпионатына дейін 22-30 маусым аралығында осы Амманда Азия чемпионаты өтті, онда Анна да 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алып, мықты үштікке кірді. Енді міне, тағы бір жетістік – әлем чемпионатының «қоласын» алып отыр. Руслан Дәулетов енді Аннаны төрт жылдан кейін өтетін олимпиада ойындарына дайындамақ.