Өткен жеті айда облыста 231 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Салдарынан 21 адам мерт болып, 315-і жарақат алған.

Авторы: Марат Шынтеміров

       Жол апаттарының 192-сі жүргізушілердің  кінәсінен болған. 15 жағдай жүргіншілердің жолда жүру ережесін сақтамауынан орын алыпты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Григорий Тыштың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары саны шамамен 50-ге артқан.

«Жүргізген талдау нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі жұма-сенбі күндері болатындығы анықталды. Жол-көлік оқиғаларының көбі қарапайым жол ережесін  сақтамау салдарынан орын алып жатады. Жалпы өңірде жол қозғалысы тәртібін бұзғаны үшін 41 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 6953-і белгіленген жылдамдықты асырса, 660 жүргізуші көлікті мас күйде тізгіндеген», — дейді Григорий Тыш.

Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың 19 мыңнан астам фактісі тіркелген. Қазіргі уақытта жолдардағы жылдамдық режімін қадағалау үшін арнайы жабдықталған екі «Кибер-Шериф» көлігі жүр. Ал республикалық маңызы бар жолдарда 15 патрульдік бағыт кезекшілік атқарады. Петропавлда тәртіпті 14 автопатруль қадағаласа, ауылдық жерлерде бұл міндет полицияның учаскелік инспекторларына артылған.

«Ел аумағында жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету  мақсатында 26 ​​тамыз бен  6 қыркүйек аралығында «Назар аударыңыз, балалар! » акциясы өтіп жатыр.  Осы іс-шара барысында білім беру ұйымдарының жанында патрульдік бағыттар жұмыс істейді, әкімшілік полиция қызметкерлері жалпы білім беретін және мектепке дейінгі мекемелер орналасқан жерлерде жол желісінің және көлік қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарына  тексеру жүргізеді», — деді Григорий Тыш.

Полиция қызметкерінің айтуынша, өткен жеті  айда балалардың қатысуымен 55 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан, бір бала мерт болып, 65-і жарақат алыпты.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz