ТҰРҒЫНДАРДЫҢ БАЗЫНАСЫ ТЫҢДАЛДЫ

Авторы: Марат Шынтеміров

    «Петропавлда бірінші қазанға дейін тасқынның салдарын жою міндеті тұр. Осы уақытқа  дейін баспанасыз қалғандарға 925 пәтер сатылып алынды, 289 жаңа үйдің кілті тапсырылды.  Бұл бағыттағы жұмыс әлі жалғасады, қазір 400 тұрғын уақытша орналастыру пункттерін паналауға мәжбүр». Қала халқына есеп берген  облыс орталығының басшысы Серік Мұхамедиев  осылай деп мәлімдеді.

whatsapp image 2024 08 28 at 11.54.18

«Тасқын кезінде Петропавлда 2407 үйді су басты. 1650 үй тұруға жарамсыз деп танылды, 757 үйде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 381 тұрғын үйлерін өздері жөндейді. Механикаландырылған бригадалар 88 баспананы қалпына келтірді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зардап шеккендерге тұрғын үй беру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Пәтер сатып алу үшңн  1085 шарт жасадық. 925 пәтердің кілті және «Бірлік» шағынауданында салынған 289 үй тұрғындарға берілді», — деді Серік Мұхамедиев.

Қала әкімінің айтуынша, 7455 адам 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік көмек алған.  Берілген сома — 2 млн. 752 мың теңге.  Саяжайлары суға кеткен  4 838 адамға  1 млн. 786 мың теңге беріліпті.

«1300-ден астам апатты үй бұзылды. Қазірдің өзінде 115 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Зақымдалған коммуникациялар да қалпына келтіріледі, қазір арықтарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Саяжай учаскелерінде тұрақты тұратын азаматтардан келтірілген залалды өтеуге байланысты 112 өтініш түсті. 35 ғимарат апатты деп танылды, 59 саяжай үйі жөнделеді. Комиссия жұмысы аяқталған жоқ.  11 адамның өтініші кері қайтарылды, өйткені олардың саяжайдан басқа тұратын үйлері болған», — дейді Петропавл әкімі.

Ал тасқын кезінде бірінші қабаты су астында қалған Ю. А. Гагарин атындағы №14 орта мектепте жөндеу жұмысы 30 тамызға дейін аяқталмақ. Қазіргі уақытта ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, қасбет пен іргетасты нығайту, бірінші қабаттағы оқу кабинеттерінің ішкі қабырғаларын ішінара орнату, еден жабынын ауыстыру, жылыту, электрмен жабдықтау және ішкі сумен жабдықтау жүйелерін ауыстыру жұмысы атқарылуда.

Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда уақытша тұру пункттерінде тұрып жатқан  400-ге жуық адам қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан үйлер мен пәтерлерге қоныстанады.

Петропавл әкімінің есепті кездесуіне Солнечный шағынауданының тұрғындары атынан  Айдос Рахымқазиев те келді.  Оның айтуынша, бұл ауданда суағарлар орнатылмаған. Сол себепті, жаңбыр жауғанда көшемен жүру мүмкін емес.

«Солнечный шағынауданына суағарларды орнатуға құжат бойынша жыл сайын бюджеттен қаражат бөлінеді. Бірақ,  ол ақша желге кетіп жатыр. Біздің шағынауданда асфальт та жоқ. Жаңбыр жауса  саз-балшыққа айналатын жолмен балалар түгіл үлкендер де жүре алмайды. Қанша жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе көп. Аудандағы көшелер кешке қап-қараңғы. Жақында  жаңа оқу жылы  басталады. Балалар таңертең сабаққа барғанда немесе кешке келе жатқанда қараңғы көшелермен жүруге мәжбүр», — дейді қала тұрғыны.

Тұрғынның сөзінше, қазір Солнечный шағынауданында 200 отбасы тұрады. балабақшаға баратын 202 бүлдіршін бар. Сол себепті, мектепке дейінгі мекеменің жоқтығы да өзекті болып тұр. Көрші «Бірлік» шағынауданында жаңа 90 орындық балабақша салынып жатыр. Бірақ, тұрғындардың сөзінше, ол қажеттілікті толық жаппайды. Сондай-ақ бұл ауданда балаларға арналған ойын алаңдары да жоқ.

«Мен бұл шағынаудан тұрғындарын алаңдатқан мәселелерден хабардармын.   Бүгінге дейін шағынауданда тек екі қосалқы станция жұмыс істеген болатын.  Алдағы уақытта тоғыз станция жұмыс істемек. Көшелер да жарықтандырылады. Ал суағарларға биыл қаражат бөлінген жоқ. Келесі жылы орнатамыз. Ал жол мәселесіне  келсек, әзірге тек автобус жүретін жолдар жөнделеді», — деді қала әкімі.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz