1991 жылдың 29 тамызында табиғат пен адамзатқа орасан зор қасірет әкелген Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылған еді. Бұл — ядролық қарудан бас тартқан тәуелсіз елдің тарихи қадамы. Міне, содан бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, соның алапат зардабын халық әлі ұмыта қойған жоқ.
Қазаққа зор қасірет төндірген жойқын қарудан бас тарту шынымен еліміз үшін үлкен жетістік. Өйткені, Семей полигонындағы сынақтардың 40 жылға созылғаны белгілі. Өткен тарихқа көз жүгіртетін болсақ, 1947 жылдың тамызында КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен шартты түрде “№2 оқу полигоны” деп аталатын атом полигонын құру туралы қаулы қабылданды. Полигон құрылысы үшін Семей қаласының батыс беткейіндегі 140 шақырым жерде арнайы аумақ таңдалған. Тарихшылардың айтуынша, аталмыш полигонды салуға соғыстан оралған жауынгерлер көптеп тартылыпты. Бұл жерде қатаң тәртіп орнаған. Өйткені, көптеген дерек құпия түрде сақталды.
Алғашқы атом бомбасы (дұрысы заряд) сыналған уақыт –1949 жылдың 29 тамызы, тура сағат таңғы жеті. Дегелең тауы етегінде басталған ядролық қару сынақтары Семей өңірін сарсаңға салғанына тарих куә. Әскерилер естелігіне сүйенсек, заряд 30 метр биіктікте, бетон бақанның үстінде жарылған. Көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерге қадалып, сосын аспанға көтерілген. Отты шар көз жетер жердің топырағын ыстық күлге айналдырып жіберген.
Семей ядролық сынақ полигонының жалпы ауданы 18000 шаршы шақырымды құрады және ол бұрынғы Семей облысындағы Абыралы ауданы мен Павлодар және Қарағанды облыстарының кейбір жерлерін қамтыды. Кеңестік атом бомбасының сынағы ұлы Абай атамыз дүниеге келген қасиетті мекенде жасалуының өзі ұлтқа зор қауіп төндірді. Бұл жерде кемінде 468 ядролық сынақ жүргізілді, жарылыстың 100-ден астамы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалды.
Жерлесіміз Асхат Төлепбергенов — Семей қасіретінің куәсі. Ол 1970-1972 жылдары Семей полигонында №14387 және №65538 бөлімдерде әскери борышын өтеген еді. Еліміздің әр өңірінен тепсе темір үзетін, сайдың тасындай жігіттер Семей, Қарағанды, Павлодар облыстарының орта тұсында орналасқан Дегелең тауының етегінде орын алған жайттарды бір сәт те есінен шығарған емес.
– Темір балқып, таудың тастары жарылыстан кейін қып-қызыл болып күйіп кетеді. Әрине, оның тірі жан баласының денсаулығына зиян тигізгенін айтып жеткізу мүмкін емес. Мәселен, сапта тұрған сарбаздар есінен танып, құлап қалатын. Әскерилер күн сәулесінің әсері деп мәселенің мәнісін ашық айтпайтын. Аптап ыстық болатындай Семей еліміздің оңтүстігінде орналаспаған. Сондықтан бұл жағдай бізге күмән туғызды. Бастапқы кезде Дегелең тауында болған жарылыстың мәнісін түсінбедік. Екі жыл бойы сол жердің ауасымен тыныстап, суын іштік. Өкініштісі сол, ядролық жарылыстардан ауаға тараған радиация салдарынан борышын өтеген көп сарбаз айықпас дертке шалдықса, кейбірі өмірден жас кетті, – деген «Семей полигоны» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Асхат Төлепбергенов бүгінде аталмыш ұйым құрамында 235 адам бар екенін айтты. Жалпы, біздің облыстан Семей полигонына қатысқан 500-ден астам тіркеуде тұр. Соның ішінде 130 адам облыс орталығында тұрады. Қолында жарылыс орын алған жерде болғанын растайтын құжаты бар 28 адам ғана мемлекеттен жәрдемақы алып отыр. Олар тегін жолақымен қамтамасыз етіліп, жыл сайын сауықтыру кешендеріне барып ем қабылдайды, үш жылда бір рет тістерін емдетеді. Алайда, қоғамдық бірлестік төрағасы Семей полигонында болған өңірдегі барлық адамға бірдей жағдай жасалып, бәрі мемлекеттік жәрдемақы алғанын қалайды.
Облыстық мемлекеттік мұрағаттың ұйымдастыруымен өткен «Семей ядролық полигоны: жарылыссыз 35 жыл» атты «дөңгелек үстел» барысында осы мәселені ортаға салған Асхат Төлепбергенов Семей ядролық жарылыстан зардап шеккен азаматтардың мәртебе алуы мұңға айналғанын атап өтті.
– Барлығымыз азаматтық борышымызды бір әскери бөлімде өтеген соң, өзгелерінің де жеңілдікке ие болғанын, арнаулы мәртебе берілгенін қалаймын. Себебі, оларға да қымбат дәрілер, госпитальдерде ғана алуға болатын ем-дом шаралары қажет. Ал менімен бірге әскери борышын өтеген кейбір жігіттер әлі күнге дейін үкімет тарапынан жеңілдік ала алмай жүр, – деді ол. Бұл орайда полигонда денсаулығына зақым тиген азаматтардың құқығын қорғау, мемлекет тарапынан белгіленген жеңілдіктерге қол жеткізуге көмектесу мақсатында еліміздің көптеген облыстарында “Семей полигоны” қоғамдық бірлестіктері құрылғанын айтып өту артық болмас. Мұндай ұйым өз жұмысын біздің облысымызда 2016 жылы бастаған болатын. Бүгінде Шал ақын, Қызылжар, Есіл, Жамбыл, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Тайынша аудандарында да аталмыш ұйымның филиалдары жұмыс істейді. Бірқатар ауданда Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен ардагерлерге арналған ескерткіш те бой көтергенін айтып өту қажет. Алайда, мәселе ексерткіш қоюмен шектелмейді. Олардың бәріне мемлекеттік мәртебе берілсе орынды болар еді.
Аталмыш полигонда әскери қызметте болған «Семей полигоны» қоғамдық бірлестігінің Аққайың аудандық филиалының төрағасы Юрий Дьяков та сол сынақтың қасіретін басынан өткерген жан. Ол радиацияға ұшыраған адамнан ауыр дертке шалдығу қаупі келесі ұрпаққа да берілетінін айтып, 14 жастағы қызының бойынан генетикалық ауру анықталып, айдын күннің аманында баласынан көз жазып қалғанын өкінішпен жеткізді. Он жыл бойы қызының өмірін сақтап қалу үшін күрескен әкенің айтуынша, бұл – полигон зардабы. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жетіп артылады. Сондықтан өскелең ұрпақ бейбіт күннің қадірін біліп, халқымыздың басынан небір ауыр сынақтар өткенін ұмытпауы тиіс. Семей полигонына қатысқан азаматтарға да лайықты құрмет көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді.