Конституция күніне орай облыстың мәдени өміріндегі айтулы оқиға — «Ботай» сурет галереясының ашылуы өтті. Ашылу рәсіміне СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сеитова, белгілі суретшілер, ардагерлер, қала жұртшылығы қатысты.
Галереяның атауы СҚО-ғы 6 мың жыл бұрын жылқы алғаш рет қолға үйретілген «Ботай қонысы» бірегей археологиялық орнымен байланысты.
«Жаңа өнер кеңістігінің ерекшелігі – онда көрмелер де, авторлар мен суретшілермен түрлі кездесулер өтеді. Келушілер еліміздің және облыс суретшілерінің туындыларын тамашалай алады. Галерея рухани әрі шығармашылық дамудың орнына айналатынына сенімдімін», — деді СҚО әкімі.
Жаңа нысанның әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі Конституциясы көшесінде орналасқанының символдық мәні бар.
«Біз басты көшемізге ерекше назар аударамыз. Көрікті әрі облыс орталығының мақтанышы — жаяу жүргіншілер көшесін жаңғыртуды жалғастырамыз», — деді облыс әкімі.