Облыс диқандары биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан күзгі егін орақ жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Облыстық ауыл щаруашылығы және жер қатынастары басқармасының Qyzyljarnews.kz –ке хабарлауынша, бүгіндері Қызылжар өңірінде 246.4 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналып, 435.7 мың тонна астық бастырылған, гектар берекелігі 17,7 центнерден айналған.
Басқарманың хабарлауынша , өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін күзгі егін жинау жұмыстарына жалпы жиынтығы 59 мың тонна арзандатылған ЖЖМ қажеттілігіне тапсырыс берілген. Аграршылардың тапсырысы толық көлемде қанағаттандырылған. Арзандатылға отынның бір литрінің құны 250 теңге.
Облыс аграршылары бұдан басқа ылғал астықты кептіретін қондырғылардың жұмысын қамтамасыз ету үшін қосымша 23 мың тонна арзандатылған дизель отынын алатын болады.
Қызылжар өңірінде жалпы 3,2 миллон тонна астықты қабылдайтын 46 элеватор мен 332 астық қабылдау орны бар. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын қоса есептегенде облыс бойынша жеті миллион тоннаға жуық астық қабылдайтын орын бар, бұл жаңа егін өнімдерін толық сақтауға жеткілікті.
Өңір диқандары биыл 4,4 миллион гектар алқаптың өнімін жинауы тиіс, оның ішінде 3,3 миллион гектары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Биыл астықты алқаптың 76,5 пайызы жақсы, ал 23,5 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.