«Агрокомплекс-Сулышоқ» ЖШС-ның басшысы Қайрат Жәнібеков өз қаражаты есебінен 23 миллион теңгеге «Балапан» шағын орталығын тұрғызып, ауылдастарына тарту етті. Айтулы шараға аудан әкімі Рахат Смағұлов қатысып, сулышоқтықтардың қуанышына ортақтасты.
Сулышоқ ауылындағы ең басты мәселенің бірі Еңбекшіқазақ орталау мектебіндегі орын тапшылығы еді. Білім ошағы жанындағы 10 орындық шағын орталықта мектеп жасына дейінгі 17 бүлдіршін барып, жарты күн ғана болатын. Енді мемлекеттік тілде тәрбиеленетін 35 орынға шақталған, демеушілік қаржыға салынған жаңа шағын орталық бой көтеріп, 25 бала қабылданып отыр. Педагогикалық құрам толық, жеткілікті 300 мың теңгеге ас үй жабдықтары сатып алынды.
Бұл — Қайрат Жәнібековтың алғашқы тарту-таралғысы емес. Бұған дейін мектепке 20 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, шатыры ауыстырылған, пластикалық терезелер қойылған. Жарты млн. теңгеге 2 жылыжай салынған. Оқу жылын үздік бітірген және қоғамдық шараларға белсене қатысқан шәкірттер бағалы сыйлықтармен марапатталады. Қарияларға азық-түлік себеттері үлестіріледі. Мәдениет үйі жұмыс істеп тұр.
Жаңа ғимаратта акт залы, екі жатын бөлмесі, асхана, киімжай орналасқан. Бейнекамералар мен жоғары жылдамдықты интернет орнатылған. 15 адам тұрақты жұмыс тапқан.