Желаяқ қария

Авторы: Зарап Құсайынов

Петропавлда Конституция күні қарсаңында «Қызылжар» атты жартылай марафон өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарына жас ерекшеліктеріне байланысты 5, 10, 15 және 21 шақырымды еңсеру міндеті қойылды. Жылына бір рет өтетін дәстүрлі додаға жасөспірімдер, орта буын мен зейнет жасына толғандар жеке-жеке қатысты. Талғат Абылғазин осымен үшінші мәрте аталмыш сайыста өз мүмкіндігін сынап көрді. Бұған дейін өз жас санатында екі рет қола жүлдегер атанған екен. Бұл жолы ақсақалдың айы оңынан туып, бас жүлде бұйырды.

«Мен 2015 жылы салмақ тастау мақсатымен жүгіре бастадым. Денсаулығым жақсарды. Кейін жүгіру күнделікті әуестікке айналды. «Ауру қалса, әдет қалмайды» деген сөзді халық бекерден-бекер айтпаған ғой. Кейін жартылай марафон өтетінін естіп, дайындала бастадым. Алдымен Астанадағы халықаралық деңгейдегі сынға қатыстым. Өкінішке қарай мәре сызығын бірінші болып кесе алмадым. Кейін жергілікті додаларда бағымды сынауға бел будым. Биыл үшінші жыл қатарынан «Қызылжар» жартылай марафонында жүлдегер атандым», – деген ақсақал алғаш рет қатысқан жартылай марафонда 60 жастан асқан 1 мың адам болғанын айтты. Арасында 80-ге  келген қарттар да жүгіріпті.

Талғат Нұрмұханұлы бірінші жартылай марафоннан кейін келесі додаларға дайындықты күшейтті. 2020 жылы әлемді шарпыған пандемия кезінде барша жұрт үйлерінде қамалып, телефондарына байланса, жерлесіміз керісінше спорттық жаттығуларға көңіл аударды. Облыстық деңгейде өткізілген флешмоб-жарыстарға қатысты. Турникке тартылып, бейнежазбасын байқау өткізген комиссия мүшелеріне жіберді. Осылайша өңірлік эстафетада бірінші орынды қанжығасына байлады.

Ақсақалдың жасы алпыс алтыда, бірақ ол әлі тың. Турникке 24 рет тартылып, жерден кеудесін 40 рет қиналмай көтере алады. Ұзақ жаттығудан кейін, яғни 2022 жылы Астанада өткен халықаралық жартылай марафонға қатысуға бел буады. Сол додаға түрлі мемлекеттерден 12 мыңнан астам марафоншы келген екен. Екі мыңы 60 жастан асқандар. Талғат Нұрмұханұлы екі мың адамның ішінен 18-ші орынға табан тіреді. Әзірге бұл – жерлесіміздің халықаралық деңгейдегі бағындырған ең биік белесі.

«21 шақырымды еңсеру оңай емес. Әсіресе, алпысты алқымдағандар үшін. Біздің арамызда кәсіби түрде көпкүндік жарыстарға қатысып жүргендер де бар. Сондықтан әр сайысқа дұрыстап дайындалу маңызды. Мұндай сындарда мәреге жете алмай қалатындар да жоқ емес», – дейді ақсақал.

2022 жылдан бері Талғат Абылғазин елімізде өтетін  жартылай марафондардан қалған емес. Астанада, Петропавлда, Алматыдағы өткен додаларға қатысты, тіпті Санкт-Петерборда өткен сайысқа да барып қайтты.

«Жартылай марафондарға соңғы бес жыл үзбей қатысып жүрмін. Мұның барлығы балалық шағымда спортпен айналысқанымның арқасы деп білемін. Себебі, оқушы кезде еркін күреспен шұғылдандым, туған ауылым Ноғайбайда Мағзұм Әлкенов есімді жауырыны жер иіскемеген балуан бізді бір-бірімізбен күрестіретін. 8-сыныпта оқып жүрген тұста студенттер арасындағы облыстық сайыстарға қатыстым. Тіпті жоғары оқу орнының басшылығы маған студенттік билет жасатып берген еді. Өмірімді спортпен байланыстырғым келді. Бірақ нағашым Теміртауға шақырып, металлург болсаң, табысың жақсы болады деп көндірді. Міне 60-тан асқан шағымда қайтадан салаулатты өмір салтын ұстана бастадым», – деген Талғат Нұрмұханұлы енді Алматыдағы халықаралық жартылай марафонға қатыспақ ойы барын айтты. Кейін 42 шақырымдық марафонда бақ сынап көрмек.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz