Солтүстікқазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан еркін күрестен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атанды.
97 килограмға дейінгі салмақта сынға түскен Ризабек финалда әзербайжандық Хетаг Карсановпен белдесті. Ересектер арасындағы әлем чемпионы саналатын Ризабек қарсыласын мерзімінен бұрын 10:0 есебімен ойсырата жеңді. Айта кетейік, турнир барысында жерлесіміз барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.
Ризабек былтыр тамызда 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында 92 килограмға дейінгі салмақта күміс жүлде алған болатын. Сондай-ақ, былтыр ересектер арасында әлем чемпионы атанған. Ризабек Айтмұхан — еркін күрестен жастар және ересектер арасында әлем чемпионатында топ жарған алғашқы қазақстандық балуан.