Астана қаласында өтіп жатқан бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан ақжолтай хабар жетті. Қазақ күресінен 60 килограмм салмақ дәрежесінде Қазақстанның намысын қорғаған «Қызылжар арландары» клубының белсенді мүшесі Мейіржан Берекетов алтыннан алқа тақты. Ол финалда әзірбайжан балуанынан айласын асырып, жаурынын бозкілемге тигізді. Айта кеткен жөн, Мейіржан барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді.
Біз «Қызылжар арландары» клубының директоры Алтынбек Аусағитовпен хабарласып, шәкіртінің жеңісімен құттықтаған болатынбыз.
-Бұл біздің ғана емес, бүкіл қазақ елінің қуанышы. Қазақ күресінен жігіттеріміз де, қыздарымыз да намысты қолдан бермей жатыр. «Қызылжар арландары» клубының сапынан Мейіржан Берекетов еліміздің құрама қомандасында өнер көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көріне білді. Абай облысының Ақсуат ауданындағы Екпін ауылының тумасы Мейіржан Берекетов 2018 жылы «Қызылжар арландары» клубы құрылғаннан бері оның сапында қазақ күресімен айналысып келеді. Ол бірнеше жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрініп, өзінің шеберлігін шыңдап жүр. Мейіржанның алатын асулары әлі алда деп есептеймін. Қазір біздің клубта 25 балуан жаттығады,- дейді Алтынбек Аусағитов.