Петропавл қаласында есірткі зертханасын ұйымдастыру әрекетінің жолын кесті. Полиция департаменті қызметкерлерінің назарына 36 жастағы Астана қаласының тұрғыны мен 46 жастағы қарағандылық азамат түскен. Қолда бар ақпарат бойынша олар Петропавлға синтетикалық есірткі тарату мақсатында келген.
Қызметтік іссапар барысында солтүстікқазақстандық жедел уәкілдер күдіктілердің синтетикалық есірткі өндіретін есірткі зертханасын ұйымдастыруға қажетті жабдықтар мен 90 килограмм прекурсорлар жеткізілген Алматы облысындағы жалдамалы үйдің орналасқан жерін анықтады.
-Алдын ала мәліметтер бойынша зертхана 18 килограмға жуық есірткі өнім шығармақ болған. Есірткі өндіруге жол берілмеді, күдіктілер Петропавл қаласына жеткізіліп, қамауға алынды. Қазіргі уақытта іс материалдары ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз пайдаланған деген айып бойынша сотқа берілді. Олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.