БІЗ «ЛОХ» ЕМЕСПІЗ

БІРАҚ, НЕГЕ АЛАЯҚТАР АЙЫЛЫН ЖИЯР ЕМЕС?

Авторы: Марат Шынтеміров

Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында  «Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс»,- деп атап көрсетті.

Бұл биік мінберден  айтылған жалпыұлтық ауқымдағы, баршаны толғандырып отырған өткір мәселе екендігінде ешкімнің күмәні бола қоймас. Сөзімізге дәлел ретінде облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ұсынған деректерді келтіруді жөн көрдік. Жыл басынан бері облысымыздың аумағында  528 интернет-алаяқтық оқиғасы тіркелген, оның көбі ғаламтордың көмегімен біреудің қалтасындағы қаржысын жымқырумен байланысты болған. Қысқаша айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында  күн сайын интернеттің  және ұялы байланыс  телефонының көмегімен жерлестерімізге қарсы кем дегенде екі алаяқтық қылмыс жасалады екен.

Жоғарыда келтірілген деректерге кірмеген бір-екі оқиғаға тоқтала кетейін. Оның біреуі жақсы араласатын жолдасымның зайыбының басынан өткен болатын. Алаяқтар аккаунтын бұзып кіріп, оның атынан WhatsApp арқылы барлық таныстарына қарызға 220 мың теңге аударуды жалына өтініпті. Әйелдің бірнеше  таныс адамдарының ішінен бір құрбысы ғана оған телефон соқпай, мән-жайды анықтамастан, алаяқ  көрсеткен шотқа сұраған ақшаны аударып жіберген. Екінші жайтқа  биылғы қыста алты жылдан бері бірге жұмыс істеп жүрген әріптесім тап болды. Ол өзінің аккаунтының  бұзылғанын және алаяқтың оның атынан достарымен, таныстарымен, әріптестерімен хабар алмасып жатқанын сезген. Алайда оларды бұл алаяқтық туралы ескертіп үлгермепті. Соның салдарынан менің әріптесімнің атынан алаяқ көрсеткен шотқа үш танысының әрқайсысы жүз мың теңгеден аударып жіберіпті. Ал оның шотынан қылмыскер екі жүз мың теңгені шешіп алып үлгерген.

Бұл екі жағдай барысында танысым да, әріптесім де өздері үшін беймәлім әрі  таныс емес телефон қоңырауына жауап беру арқылы қылмыскерлерге олардың арам ойларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасап берген. Содан кейін ғана бармақтарын тістеп қалып отыр. Меніңше, біз күн сайын дерлік телефон алаяқтары туралы хабарламаларды естісек те, оқысақ та оның байыбына бара бермейміз. Өзімізді олардың құрығына түспейтіндей бейғам сезінгендіктен алаяқтар осы күнге дейін әлі айылдарын жимай отыр, олар  арам ойларын жүзеге асыру үшін неше түрлі құйтырқы әрекеттерге барып жатыр. Сондықтан мамандардың ақыл-кеңестеріне құлақ асқан артық болмайтынына көзіміз жететін уақыт келген іспетті.

СІЗГЕ ҚОҢЫРАУ ШАЛҒАН ТЕЛЕФОН НӨМІРІ ТАНЫС БОЛМАСА ЯКИ КҮДІКТІ КӨРІНСЕ ОҒАН ЕШҚАШАН ЖАУАП БЕРМЕҢІЗ.

АЛАЯҚТАР ӨЗДЕРІН ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ БАНК НЕМЕСЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ РЕТІНДЕ ТАНЫСТЫРУҒА ТЫРЫСАДЫ.

СІЗГЕ  ЖЫЛДАМ ӘРІ ЖАҚСЫ ТАБЫС ТАБУ ҮШІН ӘЛДЕБІР БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРҒА, АКЦИЯЛАРҒА ЖӘНЕ Т.Б. АҚША САЛУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫСТАРДАН САҚ БОЛЫҢЫЗ.  

Ғаламторда жиі кездесетін жұмысқа қабылдау туралы хабарландыруға сене беруге болмайды. Онда қандай мамандық иесі қажет екені көрсетілмей, «жұмыс беруші» еңбек өтілінің жоқтығына қарамастан кез келген адамды ресми емес қызметке орналастыруға уәдені үйіп төгеді.

— Мұндай хабарландыру иесі алаяқтық пиғылға  алданған адамдардың ақшаларын  өзінің банк картасына аударуға тырысады. Интернет-алаяқтар осылай «дропперлерді»  қылмыс жолымен алынған ақшаны басқа елге аудару үшін қажет адамдарды өзінің арам ойларын жүзеге асыруға тартады. Көбінесе мұндай алаяқтар өздерін жазадан құтылып кетеміз деп ойлайды, алайда еліміздің қолданыстағы заңнамаларына сәйкес олар азаматтық және қылмыстық жауапкершілікке тартылады, — дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Иван Терзиди.

Соған қарамастан Қазақстандағы интернет-алаяқтық статистикасы көңіл көншітпейді. Өткен жылы  еліміздің аумағында  осы тектес 45 мыңға жуық қылмыс тіркелген, соның салдарынан қазақстандықтар 21 миллиард теңгеге зардап шеккен. Үстіміздегі жылдың алты айында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жаңадан ондаған мың алаяқтық фактілерін тіркеген, адамдардың миллиардтаған ақшалары қаскөйлердің қалтасын толтырған. Ал мұндай қылмыстарды ашу  жұмыстары сынды көтермейді.

Соңғы жылдары әлемде кең тарап жатқан интернет арқылы телефон алаяқтығы талай алқалы жиындардың күн тәртібінен түспей жатқандығы оның жалпыұлттық сипатқа ие болғанын көрсетеді. Билік басындағылар құқық қорғау органдарынан тұрғындар арасында ақпараттық-талдамалық жұмыстарды жандандыруды, алаяқтық қылмыстың алдын алуды және оны болдырмауды талап етуде. Десек те бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі әлі де тұрғындардың көңілінен шығып отырған жоқ.

Бұл жерде біздің азаматтардың өздерінің есеп айырысу шоттарында сақталған қаржысын осындай алаяқтардан қорғауда екінші деңгейдегі банктердің қалай жұмыс істейтінін Ұлттық банк ерекше назарда ұстаса деген ой келеді. Жеке тұлғалардың (адамдарды банкирлер осылай атайды) мүдделерін қорғау үшін олардың банктік карталарындағы ақшаны басқа шотқа аударуды екі күннен кейін ғана жүзеге асырса барлық тараптар онда криминал жоқ екендігіне көз жеткізер еді.

Ал ұялы телефон қызметін ұсынып отырған  компаниялардың бұл істен сырт қалмауы тиіс. Олар миллиондаған клиенттерінің қауіпсіздігін сақтау үшін  не істеп жатыр? Бұл сұраққа толыққанды жауап алу мүмкін емес.

Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, тіркелген кибер-қылмыстардың, интернет-алаяқтардың жартысынан астамы шет елдерден, бірінші кезекте Ресей мен Украинадан жасалады екен. Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктері, тиісті құзырлы органдар осы елдердегі әріптестерімен бірлесіп трансшекаралық қылмыстың алдын алу бағытында жоспарлы жұмыстар істеуі тиіс.

Қазақстанның қолданыстағы заңнамаларына сәйкес орташа алаяқтық қылмыс жасағаны үшін төрт жыл бас бостандығына айыру жазасы көзделген, ал сот оны ауыр қылмыс деп санаса, онда қылмыскер өмірінің үш-жеті жылын темір тордың ар жағында өткізеді. Алаяқтық және кибер-қылмыс үшін бұдан да қатаң жаза қолдану керек сияқты, өйткені олар осындай заңға қарсы әрекеттері үшін жеңіл жауапкершілікпен құтылып кететініне сенімді. Бұл нәубетпен бәріміз бірге күресетін уақыт келді.

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz