Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков облысымызға жұмыс сапарымен болды. Айдар Сайтбеков полиция бірқатар бөліністерінің қызмет атқару жағдайын және техникалық жарақтандырылуын тексерді. Ол азаматтардың құқықтарын қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау жөніндегі міндеттерді орындау үшін материалдық-техникалық базаны нығайту қажеттігін атап өтті.
Жедел басқару орталығында министрдің орынбасары цифрландыру деңгейімен, бейнебақылау жүйелерінің жұмысымен танысты. Полицейлер облыс орталығындағы тәртіпті 228 айналмалы және 192 стационарлық бейнекамераның көмегімен бақылайды. Бұдан бөлек, полицияның бейнебақылау жүйесіне 249 мектеп пен 54 балабақша, негізінен тұрғын үйлердің аулаларында орнатылған 626 бейнебақылау камерасы қосылған.
Министрдің орынбасары жұмыс сапары барысында Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болған Ерік Оспановтың жесірі Аягөз Оспановаға барды. 2006 жылы жолдың қарсы бөлігіне шыққан мас жүргізуші оның автокөлігіне соғылып, апат салдарынан полиция қызметкері қаза тапқан. Аягөз Сұңғатоллақызының жеке баспанасы жоқ, Петропавл қалалық полиция басқармасында тергеуші болып қызмет атқарып жүрген ұлы Жасұланмен бірге ведомстволық жатақханада тұрады.
Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Ішкі істер министрінің орынбасары қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция офицерінің зайыбына бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Айдар Сайтбеков Жасұланның әкесінің ісін лайықты жалғастырушысы болатынына және қызметте жоғары жетістіктерге жететініне сенім білдірді.