Бұл күндері облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Петропав қаласының көшелері мен көңіл көтеру орындарына, кәмелеттік жасқа толмаған балалар тәрбиелеп отырған қолайсыз отбасыларына рейдтер ұйымдастыруда.Тексерулер прокуратурамен, білім және қамқорлық органдарымен бірлесіп жүргізілуде.
Облыс орталығындағы бір отбасында сегіз жасар қыз тәрбиеленуде.Оның ата-анасы араққұмар, отбасындағы ахуал бала үшін қолайсыз. Қазір ювеналдық полиция қызметкерлері кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі комиссияның қарауына осы отбасына қатысты материалдар жинастыруда. Бүгіндері облысымыздағы полиция органдарында кәмелеттік жасқа толмаған балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс орындамай жүрген 154 ата-ана есепте тұр. Ювеналдық полицияның бастамасымен 45 адам ата-ана құқығынан айырылған, оның 18-і Петропавл қаласында тұрады. Сонымен қатар 14 ата-ананың құқықтары шектелген. Оның бәрі маскүнемдікке салынғандар, соның кесірінен балаларына дұрыс тәрбие бермейді.
Мұндай ата-аналарға жағдайды түзету үшін белгілі бір уақыт беріледі. Комиссияның талабы орындалмаса ата-ана құқығынан айыру немесе оны шектеу туралы мәселе қойылады. Полиция қызметкерлері жасөспірімдердің қараусыз қалмауына, олардың арасында қылмысты болдырмауға бағытталған жүйелі жұмыстарды жүргізіп жатыр.