Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі топтың «Qyzyljarnews.kz» хабарлауынша, осы аптаның басында облыс орталығында екі өрт оқиғасы тіркелген.
16 қыркүйек күні кешқұрым Петропавл қаласының Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі тоғыз қабатты үйдің екінші қабатында өрт шыққан. Құтқарушылар баспалдақпен жетпіс адамды, оның ішінде он баланы қауіпсіз жерге шығарды. Тоғыз шаршы метр аумақты шарпыған өрт дер кезінде сөндірілді, зардап шеккендер жоқ. Алдын ала болжам бойынша, пәтердегі өрт электр сымының қысқа тұйықталуынан шыққан.
Ал 17 қыркүйек күні сағат 18.27-де 101 телефонына Парк көшесі, 161 мекенжацындағы тоғыз қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы суыт хабар түскен. Өрт шыққан үйге өрт сөндірушер жедел жеткен. Сегізінші қабаттағы пәтерде өрт шыққаны, подъездің түтінге толғаны анықталған.
Өрт сөндірушілер 21 баланы қоса алғанда 217 адамды эвакуациялады. Үш адам, оның ішінде пәтер иесінің 1977 жылы туған ұлы иіс тиюден құтқарылды. Сағат 19.21-де өрт толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге жеке құрамның 18 қызметкері мен жеті техника жұмылдырылды. Өрттің салдарынан пәтер бүлініп, басқа пәтерлер мен подъезді ыс басты. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде.
Жыл басынан бері облыс аумағында 270 өрт оқиғасы болып, 20 адам қайтыс болды. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрмыста өрт қауіпсізідігі ережесін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.