Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы бюджет қаражатының жұмсалуына талдау жасай отырып, әлеуметтік төлемдерді төлеуде заң бұзушылықтарды анықтады.
Әлеуметтік Кодекстің 71-бабына сәйкес үштен астам бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы түрінде әлеуметтік қорғау көзделген.
Кодекстің белгіленген талаптарына қарамастан, Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар сегіз шетелдік отбасыға басқа елге кету себебінен олармен бірге тұрмаған балалар үшін әлеуметтік жәрдемақы төленген.
Бұл жағдай туралы уәкілетті орган хабардар етілмеген, нәтижесінде бес миллион теңгеден астам сомаға артық қаражат төлеуге жол берілген.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша осы отбасыларға төлемдер тоқтатылды, алушылардан алынған жәрдемақыларды ерікті түрде өтеу туралы міндеттемелер алынды.
Бұдан былай мұндай фактілерді болдырмау мақсатында әлеуметтік қорғау органдары азаматтардың мемлекеттік шекарадан өтуі туралы деректермен алмасу бөлігінде ақпараттық жүйелерді интеграциялау жөнінде шаралар қабылдайды.
Бұзушылықтарды жою процесі қадағалау органының бақылауында.
Әлеуметтік жәрдемақыларды заңсыз алу фактілері анықталды
218