Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті экономиканың негізгі драйверіне айналдыру басты міндеттердің бірі саналады. Өңірімізде осы саланы кәсібіне айналдырып, отбасының несібесін молайтып жүрген жандар аз емес. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, гранттарды иеленушілердің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Солардың бірі – заманауи жылыжай салу жобасын жүзеге асырып, өңірдің қияр өніміне деген сұранысының үштен бірін жауып отырған “Зеленый Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Былтыр күзде іске қосылып, инновациялық жоба аясында жиналған алғашқы өнімнің сапасы көңілдегідей болды. Облыс жұртшылығын азық-түлік өнімдерімен жеткілікті түрде қамтамасыз ету, сауда орындарында импорт мөлшерін азайту, осылайша бағаның шарықтап өсуіне жол бермеу мақсатын діттеген серіктестікке қарасты жылыжайдың аумағы 3,7 гектарға жуық. Қиярдың тұқымы Голландиядан әкелінген. Климаты қатал теріскейге жерсіндіру үшін ең өсімтал сорттар іріктеліп алыныпты. Жабық жерде өсірілетіндіктен, өсімдік ауруларына төзімділік сияқты талаптар да барынша ескерілген.
Жылыжайдағы микроклимат бірнеше жүйелерге бөлінген. Әр жүйеге ылғалдылық параметрлері орнатылған. Жоғары қысым арқылы берілетін су микротүтік-шелер арқылы жеткізіліп, тұманға айналады. Күндізгі жарық жеткіліксіз болған жағдайда автоматты желі іске қосылады. Күн сәулесі артық болса, автоматты жылыту тізбегі өздігінен реттеліп отырады.
“Өнімдердің 80 пайызы делдалсыз, тікелей сауда нүктелері арқылы жергілікті нарыққа, қалған бөлігі басқа өңірлерге жөнелтіледі. Осы уақытқа дейін 2000 тонна қияр жиналса, ендігі меже жыл аяғына дейін өнім көлемін 4000 тоннаға дейін ұлғайту, – дейді кәсіпорын директоры Екатерина Асаенок.
“Көзін тапқанға табыс көл-көсір” деген сөз текке айылмаған. Оған қуатты агрожобаларды дөңгелетіп отырған солтүстікқазақстандықтардың игі ізденістері дәлел. Жылыжайда 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылса, солардың бірі – Ольга Михайлованы қияр өсірудің кәнігі маманы дерсің. Ол әріптестерімен бірге көшеттерді күтіп-баптауға көмектеседі.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері баса ден қойып, жедел түрде қолға алып жатқан тың саланың ішкі нарықты жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етудегі және импорттық өнімдердің үлесін азайтудағы мәні айрықша. Екатерина Асаенок құрылысы екі жылға созылған жылыжай жобасының құны 7,2 млрд. теңгені құрағанын, 5,8 млрд. теңге “Солтүстік” ӘКК” АҚ арқылы жеңілдік түрінде берілгенін жеткізді.
“Солтүстік” ӘКК” АҚ кредиттеу және жобаларды басқару департаментінің жетекшісі Олжас Сағандықовтың айтуынша, “Агробизнес” әмбебап несие беру бағдарламасы шеңберінде жылыжай құрылысын қаржыландыру алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Келіп түскен өтініштер кредиттік процесс және жобаларды конкурстық іріктеу жұмыстарының бірнеше кезеңінен іріктеліп, шешім қабылданғанға дейін қарыз алушының оны уақтылы және толық көлемде қайтару, сыйақы төлеу қабілеті де бағаланады.
Конкурсқа қатысатын кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын біліктілік талаптары өте жоғары. Еліміз бойынша 2020 жылдан бастап осы бағдарлама аясында 16,7 млрд. теңгенің 51 гектар болатын 14 жылыжайы қаржыландырылған. Жабық топырақта көкөніс өндірудің рентабельділігін арттыру өндірістік шығындардың өзіндік құнын төмендету есебінен ғана мүмкін болатыны ескеріліп, жылыжай шаруашылықтарын гектарлық субсидиялау тетігі қарастырылмақ. Агроном мамандар жылыжай кешенін салудың тиімділігіне талдау жасау арқылы көкөністі тұтыну көлемі халық санының өсуіне қарай үздіксіз өсіп отыратынын есептеп шығарған. Олардың сұранысты жабу үшін қысы суық және ұзақ солтүстік өңірлерде де өндірістік жылыжайлар көптеп салу қажет деген пайымдары қолдауға тұрарлық.
Қысқа мерзім ішінде өзіндік бет-бедерін қалыптастырып үлгерген “Зеленый Север” ЖШС басшылығы заманауи кешендердің санын арттыруды, аумағын кеңейте отырып, сыртқы нарыққа бағдарлануды жоспарлап отыр.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan” газеті.