Облыста су тасқыны кезінде зардап шеккен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Оның барысын СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тексерді.
Жол картасы қабылданып, қаржы бөлінді, мердігерлер анықталды. Жұмыс Былғары және Заречный кентіндегі, Ойқаладағы Ущев көшесінің бойындағы және 0,8 шақырымдағы, Қызылжар ауданындағы Прибрежное, Бескөл және Тепличное ауылдарындағы бөгеттерді қамтиды.
Сондай-ақ биотоғанның айналасындағы бөгет жөнделіп, Жеңіс саябағында ашық нөсерлік кәріз жүйесі орнатылып, жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілмек.
«Бөгеттерді нығайту және кеңейту жұмыстары мамандардың есептеулері бойынша, Есіл өзеніндегі судың максималды деңгейін ескере отырып, қатаң түрде жүргізілуде. Биылғы қатты су тасқынының барлық ерекшеліктері ескерілген. Бүкіл жұмыстарды екі айда аяқтау жоспарлануда, қорғаныс құрылымдарын қалпына келтіру жеке бақылауымда болады», — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.