Хоккейден жоғары лига командалары жаңа маусымды бастады. Ел біріншілігінің алғашқы екі матчын «Құлагер» клубы өз мұз айдынында алматылық командаға қарсы өткізді. Бірінші ойында жерлестеріміз булиттер сериясында есе жіберсе, қарымта матчта қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Чемпионаттың енді басталғандықтан солтүстікқазақстандық хоккейшілердің қарым-қабілетін толықтай бағамдап, баға беруге әлі ерте. Дегенмен клуб басшылығы биыл жүлделі орындардан дәмелі екенін жасырмайды.
Былтырғы хоккей маусымы «Құлагер» клубы үшін сәтсіз өтті. Жерлестеріміз ел біріншілігіндегі 11 команданың ішінен 9-шы сатыға жайғасты. Қазақстан кубогында да сүреңсіз ойын өрнегін көрсетті. Плей-офф сатысына өте алмай, жарыс жолынан ерте шығып қалғаны белгілі. Бұрынғыдай емес жанкүйерлердің де жергілікті хоккейшілерге деген сенімі жоғала бастағандай.
– «Құлагер» клубы ашылғалы бері командаға жанкүйермін. Өткен маусымда жерлестеріміз келісіп алғандай үйдегі қос кездесудің біреуінде ғана жеңіске жететін. Ал сыртта бірде-бір ұпай еншілемеді. Көрші елден келген легионерлер де көзге түсе алмады. Жерлестеріміз үшін биылғы чемпионат қалай өтетіні әлі белгісіз. Бапкерлер ауысып, жаңа ойыншылар қатарға қосылды. Өткеннен сабақ алып, дұрыс қорытынды шығарса екен, – дейді «Құлагер» клубының жанкүйері Нұржан Сәліков.
Маусым басталмай тұрып, «Құлагер» клубының құрамында бірқатар ауыс-түйістер болды. Жаңа бас бапкер тағайындалды. Бұл қызметке Артем Аргоков лайық деп танылды. Ол 2015 жылдан Атырау қаласының «Бейбарыс» клубының сапында қызмет етті. 2021-2022 жылғы маусымда Артем Аргоковтың басшылығымен бұл команда біріншіліктің қола жүлдегері атанған. Өткен жылы да атыраулықтар тәуір ойнаған.
– Командаға жаңа бапкер таңдарда оның ел біріншілігіндегі тәжірибесін ескердік. Қазақстан хоккейімен жақсы таныс әрі шабуылға көп көңіл бөлетін маман керек болды. Осылайша «Бейбарыстың» бұрынғы бапкерімен келісімшартқа отырдық. Артем Аргоков ойыншы ретінде де танымал. Ол Новокузнецк қаласының «Металлург», Тольяттидің «Лада» және Өскеменнің «Торпедо», Атыраудың Бейбарыс» командаларында ойнаған, – дейді «Құлагер» командасының директоры Игорь Шерстов.
Биылғы маусымға дайындықты «Құлагер» шілденің 2-сі бастаған болатын. Жазғы оқу-жаттығу жиынына жергілікті жас ойыншылар да шақыртылыпты. Олардың арасынан бас бапкердің көзіне түскендері іріктеліп алынды. Нәтижесінде клубтың құрамы 50 пайызға жаңартылды. Қазір командада 53 ойыншы бар. Оның 14-і – шетелдік болса, 17-сі – петропавлдық хоккей мектебінің түлектері, қалғаны – еліміздің басқа командаларынан келгендер.
– Клубтың құрамын жасақтау барысында бірнеше жолдастық кездесулер өткіздік. Өзін жақсы қырынан көрсете алғандар команда сапында қалды. Жазғы уақытта Қазақстан кубогының ойындары да өтті. Бұл жерлестеріміз үшін алғашқы сынақ болды. Бұл додада жаңа ойыншылар өздерін көрсете алды. Бұл турнирдегі басты мақсат – жеңіске жету емес, хоккейшілердің команда ретінде қалыптасуы болды. Клуб «өлім» тобына түсіп, Қазақстан чемпиондары көкшетаулық «Арлан», мен «Торпедо» және кубок иегері Өзбекстанның «Хумо» командаларымен күш сынастық. Қуанышымызға орай, хоккейшілеріміз плей-оффқа өтіп, үздік төртікке енді. Бұл – соңғы бес жылдағы ең жоғары нәтиже, – деген клуб директоры Игорь Шерстов осы турнирден соң жерлестеріміздің чемпионатта жүлдеге таласа алатынын байқаған.
Жанкүйерлер командада жергілікті ойыншылардың санының аздығына наразы. Алайда клуб директорының сөзінше, өзге клубтарға қарсы тұру үшін кәсіби хоккейшілердің көмегіне жүгінуге тура келеді.
– Тек жергілікті жерде ойнап, сыртқа шықпаған, тәжірибе алмаған жастардан мықты команда жасақтау мүмкін емес. Сондықтан біз өзге клубтардан ойыншылар тарттық. Шетелдік және отандық спортшылардан «симбиоз» құру арқылы жеңіске жете аламыз, – дейді Игорь Шерстов. «Құлагер» клубының бюджетіне келер болсақ, биылғы маусымға командаға 775 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражат жастар мен ересектерден құралған негізгі командаға жұмсалады.
Бас бапкер жазғы оқу-жаттығу жиыны мен ел кубогын қорытындылай келе бірнеше ойыншының өнерін ерекше п отыр Оның айтуынша, Қазақстан кубогының топтық кезеңінде үздік қақпашы атанған Денис Каратаев пен команда капитаны Антон Гловацкий аз уақыттың ішінде өздерін жақсы қырынан көрсетіпті.
– Петропавлда жас хоккейшілер легі өсіп келеді. Биылдың өзінде 17 жігітті негізгі құрамға алдық. Ел кубогында солтүстікқазақстандық хоккей метебінің түлегі Иван Казаченко үздік сұрмергендер тізіміне енді. Жақында өткен бірінші тур ойынында да ол көзге түсті, – дейді Артем Аргоков.
Ел чемпионатының кестесіне сәйкес, жерлестеріміз қыркүйектің 23-24-і күндері өзбекстандық «Хумо» командасына қарсы ойын өткізеді. Петропавлда өтетін қос матчта намысты қолдан бермейді деп сенеміз.
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan».