Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мамандарының «Qyzyljarnews.kz»-ке берген деректеріне қарағанда, өңірде екі апта болған ауа райының қолайлы жағдайын тиімді пайдаланған диқандар қауымы орақ жұмыстарының қарқынын арттырып, барлық егістік алқаптың жартысын жинаған.
Осыдан бір апта бұрын 1 миллион 209 мың гектар алқапта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналып, 2 миллион 678 мың тонна астық бастырылса, 23 қыркүйек күні бұл көрсеткіштер тиісінше 2 миллион 194 мың гектар және 3 миллион 861 мың тонна болды. Гектар берекелігі де өсіп 17.6 центнерге жеткен.
Бұдан бір жыл бұрын осы күнге дейін егістік алқаптың 68.7 пайызы бастырылып, әр гектардан 10.3 центнерден астық жиналған болатын. Биыл облыс диқандары 4.4 миллион гектар алқаптың астығын бастыруы тиіс. Қазір астық қабылдау кәсіпорындары сыйымдылығының 27.7 пайызына 880.6 мың тонна астық құйылған.